Журналистикадан «дальнобойщикке» апарған жол. Анардың АҚШ-тағы тағдыры

Журналистикадан «дальнобойщикке» апарған жол. Анардың АҚШ-тағы тағдыры

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандық журналист Анар Әбдіманап АҚШ-та 40 тонналық контейнері бар жүк көлігін жүргізеді. 

Арман болмаған «American Dream»

Анар Әбдіманап  1984 жылы Таразда дүниеге келген. Өзін Жуалының қаңлысы деп таныстырды. 

Алғашқы жоғары білімімді  Мұхаммед Хайдар Дулати  атындаағы Тараз мемлекеттік университетінде алдым. Кейін ол ТарМПИ болып өзгерді. Яғни, алғашқы мамандығым – бастауыш сыныбының мұғалімі. Бірақ мамандық бойынша жұмыс істемедім. Диплом алған соң Qazaqstan ұлттық телеарнасының Жамбыл облыстық филиалына жұмысқа тұрдым. Жұмыс істеп жүріп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистикасын сырттай тәмамдадым. Осылайша, журналистика саласында қызмет еттім. Радио және теларнада 13 жылдай жұмыс істеппін, - деді журналист. 

Ол жұмыс бойынша Қазақстанның түкпір-түкпіріне іссапарларға барғанын да жеткізді. 

Журналистикадан «дальнобойщикке» апарған жол. Анардың АҚШ-тағы тағдыры

Біздің телеарнаны (қазіргі - Jambyl) «қара шаңырақ» деп айтатын. Себебі белгілі журналистің көбі сол жерден шықты. Өзімді бақытты журналистердің бірімін деп ойлаймын. Себебі Бекет Момынқұлов, Асқарбек Сейілханов, Әлібек Татанов, марқұм Қалыбек Айтжановпен жұмыс істеу бақыты маған бұйырды. Ауқымды жұмыстар атқардық,- деді ол. 

Анар Әбдіманап жасөспірім кезінде Америка туралы мүлдем армандамағанын айтады. 

Көп жас  сияқты  «American Dream» болған жоқ. Ешқашан Қазақстаннан басқа елде өмір сүруге болатынына сенген емеспін. Шынымды айтсам, «үш ұйықтасам да, түсіме кірмепті». Бірақ басқа түссе, адам баласы барлығына көнеді дейді ғой. Ол кезде мен үш баланың анасымын, жасым небәрі 29-да еді. Декреттік демалысымда Қытайға туристер апарып, сауда-саттықпен айналысып жүрдім. 2012 жылы біз барып жүрген туристік автобустар  қаражатпен ұсталды. Онда қыруар қаржыға алынған тауарлар да кетті. Осылайша, менің мойныма бір түнде қомақты қарыз ілінді. Сол қарыз себепші болып, АҚШ-тың Нью-Йоргінен бір-ақ шықтым, - дейді Анар Әбдіманап.

Қазақстандық журналист мойнына аз емес қаражат ілінгенін айтады. 

Журналистикадан «дальнобойщикке» апарған жол. Анардың АҚШ-тағы тағдыры

Қарыздың сомасы  - 47 мың доллар, 2013 жылы ондай ақшаның  құны қазіргі 200 мың долларға пара-пар десем артық емес шығар. Ал журналистің айлығы 150-200 доллар болатын. 2013 жылдың мамырында сол қарыздың салдарынан АҚШ-қа аттандым. Америкаға аттанғалы жатқан әйел басыма іс түскенін біліп, осындай нұсқаны қарастыр деп, кеңесін  айтты. Сол кісінің виза жасатқан агенттігіне хабарласып, 22 күннің ішінде виза жасаттым. Бірақ оған да біраз қаражат кетті. Ал қазіргідей қолжемді емес еді. «Америкаға кеткелі жатыр» дегенде туған-туыстың «төбе шашы тік тұрды». Қазір екінің бірі саяхаттауға, жұмыс істеуге, баласын оқытуға бара алады ғой, - дейді ол. 

АҚШ-тағы жаңа өмір

АҚШ-қа келген кезде барлығын нөлден бастадым деп айта аламын. Бастапқыда бала күтуші болдым. Сол отбасында тұрып, ақша үнемдеу үшін 2 жыл 7 ай еңбек еттім. Одан кейін иммиграциялық адвокаттың көмекшісі болып жұмысқа тұрдым. Ол жерде біраз жұмыс істедім. Одан кейін медицина саласында қарт адамдардың үйіне ассистент жіберетін, яғни,  сақтандыру саласында қызмет еттім. Бұл агенттікте 3-4 жылдай жұмыс істедім. Кейін пандемияға қатысты карантин болған кезде ол жердегі жұмыс сағаты қысқарып, онлайн жүйеге көше бастады. Карантинде барлық салада тоқырау болды. Бизнес көздері жабылды. Мен карантинде «траковый» кәсіп, қазақша айтқанда  жүк көлігі мен фураларға сұраныс тоқтамағанын көрдім. Өзінің жүк көлігі барлар, ірі, шағын компаниялар фураларға жүргізуші керек деп, іздеп жататын еді. Жүк көлігінің жүргізушілеріне сұраныс өте жоғары екенін байқадым, - дейді Анар Әбдіманап. 

Журналистикадан «дальнобойщикке» апарған жол. Анардың АҚШ-тағы тағдыры

Ол жастайынан жаңа дүниеге құштар екенін айтты. Осы қасиет те алға жетелеген шығар дейді ол. 

Мен бұрыннан жаңа нәрсені үйренгенді, білгенді, оқығанды  ұнатамын. Осы күнге дейін психология қатты ұнайтын. Кейін кванттық психолог мамандығы бойынша Мәскеудегі академияны тәмамдадым. Қазір ол тренд болып кетті деп айтады. Бірақ ол әрбір адамға қажет деп ойлаймын. Сондықтан игеріп алған дұрыс деп шештім, - дейді ол. 

Жүк тасымалдаушы

Анар Әбдіманап жүк көлігі саласын меңгеру карантиннің қызыған жерінен басталғанын айтты. 

2 ай жүк көлігін басқаруды оқыдым. Оны оқу барысында күмәндану, «менің қолымнан келмейді-ау», «әйелге 40 тонналық контейнері бар жүк көлігін жүргізу қиын шығар» деген ойлар да келді. Дегенмен ойластыра келе, тәуекелге барып, компания ашып, лицензия алдым. Емтихандарын тапсырып, тәжірибеден өттім. Барлығы ағылшын тілінде өтті, әрине. Алыс-жақын жолға өзім жалғыз шығып жүргеніме 2 ай уақыт өтті, - дейді ол. 

Қазір журналист бұл саланың қызығына кіріп, жан-жақты зерделеп жүргенін жеткізді. 

Журналистикадан «дальнобойщикке» апарған жол. Анардың АҚШ-тағы тағдыры

Менің мақсатым – саланың қыр-сырын білу. Қазір жүкті алу, диспетчерлік қызметті қосымша машықтануды бастадым. Себебі компания ашқан соң, жүргізушілерге жүкті тауып беру, оны тиеу сынды қызметті де үйрену керек. Бұл бизнес сұранысқа ие, жүздеген жыл бойы өлмей келе жатқан мамандықтың бірі болған соң осы саланы дамытсам деген ниетім бар. Осыған дейінгі кеңселік жұмыстар үйден алыс емес, сағатына 25-30 доллар төлейтін, жайлы аймақта отырып жұмыс істеуге болады. Бірақ бір орында тоқтап қалмау мақсатында жаңа саланы меңгердім. Оның үстіне балалар өсіп келеді, үлкен қызым колледжге түсуі керек. Алда осындай мақсат болғандықтан, белді бекем буып, жеңді түріп, өзім іске кірістім. Қазіргі таңда бірнеше жүк көлігі бар басқа компанияның фураларын жүргіземін, - дейді Анар Әбдіманап. 

Ол жүк тасымалдаушының міндетіне кіретін талаптарды атап өтті. 

Менің міндетіме диспетчермен үнемі байланыста болып, жүкті А. нүктесінен Б. нүктесіне жеткізіп беру кіреді. Қалааралық қана емес, штатаралық тасымалдаулар да болады. Мильмен есептегенде күніне 800-900 миль жүремін. Қабылдап алған жүк көлігінің доңғалақтарын, жағдайын тексеруің керек. Ол бұзылған жағдайда диспетчерге хабарласып айтамын. Олар мен тұрған жерге жол үстінде жасалатын қызметті жібереді. Не жол бойындағы қызмет көрсету орындарына жүгініп, жөндетемін. Қабылдаған жүкті қажетті орнына аман-есен жеткізу керек. Ол зақымданбауы керек. Көп жағдайда жүктердің ұрлануы, тоқтаған кезде бұзақылар ақтаруы мүмкін деген тәуекелдер бар. Бірақ мен ондайларға кездеспедім. Дегенмен жүкті сол қалпында жеткізу жүргізушінің мойнында, - дейді журналист. 

АҚШ жолдары

АҚШ жолдарында  жұмыс істеуге, жүруге барлық жағдай жасалған. Әрбір 10-20 мильден соң тіскебасар алуға болатын автоматтар тұрады. Жол-жөнекей өте үлкен, ыңғайлы әжетханалар бар. Жүк көліктерінің тұратын айлағы да таза, ыңғайлы. Жүк көліктеріне дизель, жанармай құятын бекеттерде көлік жуатын жерлер де болады. Әр трак-стопта ыстық су, кофе, шай беретін жерлер 24 сағат жұмыс істейді. Кір жуатын машина тұратын бөлмелер бар. Сондай-ақ душқа түсетін орындар болады, - дейді ол. 

 Анар Әбдіманап кей жерлерде шаштараз да болатынын жеткізді. 

Қыздарға арналған сән салоны емес, әрине. Бірақ шаш қырқатын жерлер қызмет көрсетеді. Массаж жасайтын орындықтар, көңіл көтеріп, сергітетін ойын ойнайтын бөлмелер де жабдықталған. Жүргізулер қонатын болса, арнайы жатын орындарға дейін бар. Шалғай жатқан шататтардың жолдары аздап ескірген. Бірақ ойылып, жүру қиын болатындай емес. Жолдардың  85-90 пайызы мінсіз. Шаршатпайды, жайлы болғаны сонша,  ұйқыңды келтіреді, - дейді ол. 

Жолды әлдилеген әйел

Әйелдің жұмысы емес деген түсінік бұл жақта да бар. Бұл саладағы әйелдердің үлесі 10 пайызды құрайды. Мен де мойындаймын, бұл оңай жұмыстардың қатарына жатпайды. Бірақ Қазақстанда кейбіреулер ойлайтындай,  Камаз айдап, оның астында май болып жататын түсінік жоқ. Барлығын арнайы қызмет жасайды. Компания иелерінің өздері де түк істемейді. Жауапты, құзырлы копаниялар келіп  қызмет көрсетеді. Сондықтан әйелге мүлдем қиын деп айтуға болмайды. Ер адам тауып жатқан жалақыны, әйел адам тапқанында ештеңе тұрған жоқ. АҚШ-қа көбіне нәпақа табуға, жағдайларын жасауға келеді. Әйелдер күніне 100 доллар тапқанша, ерлер сияқты 1000 доллардан табуға тырысуға әбден құқылы. Менің миымда ондай шекара болмағандықтан да осындай жұмысқа келдім деп ойлаймын, - дейді ол. 

Анар Әбдіманап Қазақстаннан келіп, жүк көлігін жүргізетін әйелдер жоқ емес екенін жеткізді. 

Осыған дейін әлеуметтік желіде де бөлістім. Алдында жаңадан шығып жүрген кезде ақтөбелік Мәрияш деген апамен шықтым. Ол кісі Қазақстанда жай көлікті де жүргізбеген. Өзі студенттік кезде қызылшаға шыққанда трактор айдаған екен. Ешқашан көлігі де, куәлігі де болмаған. Бірақ оған қарамастан, жасы 60-тан асса да, ірі жүк көліктерін жүргізіп, рұқсат алған. Қазір ол жолда жүр. Көп дүниені біледі. Егер де жасы алпыстан асқан апа, тәжірибесі болмаған адам бұл салаға келсе, басқалары да оны істей алады, - дейді қазақстандық журналист. 

Жүк тасымалдаушының жүгі ғана ауыр емес

Жүк тасымалдаушы бұл жұмыста кесте бойынша өмір сүру мүмкін емес екенін де айтты. 

Бұл оңай жұмысқа жатпайтынын айттым. Кесте бойынша тіс жуылмай, ұйқы қанбай, тамақ ішілмеуі мүмкін. Себебі бұл - жол. Жолда түрлі жағдай болады. Кейде асығыс, кейде түнде жүресің. Сондай жағдайға бейімделуге тура келеді. Ер адамдардың өздері де мұндай талапқа төзе алмай, басқа жұмысқа ауысып кетіп жатады. Бірақ табысы жақсы болғандықтан, басқа мамандыққа қарағанда едәуір көп төленетіндіктен, аталған олқылықтардың орнын толтырады, - дейді ол. 

 Бірақ өмір бойы Американың жолдарында көлік жүргізу ойында жоқ екенін жеткізді.

Өзімнің мақсаттарыма жету үшін осындай кезеңнен де өту керек болып отыр. Бір жағынан өзіме де қызық. Күнде жаңа дүние үйреніп, жаңалық ашып отырасың. Компанияны кеңейту үшін де осы саланың қыр-сырын білген дұрыс деп есептеймін, - дейді Анар Әбдіманап. 

Ол соңында өзінің арманымен де бөлісті.

Журналистикадан «дальнобойщикке» апарған жол. Анардың АҚШ-тағы тағдыры

Қазір жасым 40-қа да толмады. Бірақ жасым 50-ге келгенде тек саяхаттайтын жағдай жасағым келеді. Себебі саяхаттаған адамның көзқарасы мүлдем бөлек болады. Көзбен әсем жерлерді көргенге ештеңе жетпейді. Бұл  - арман емес, мақсат деп ойлаймын. 50 жасқа келгенде тек әлемді аралап жүргім келеді. Балаларымның біреуіне қонаққа барып жүремін деп ойлаймын. Ол кезде тұрғылықты жерім Қазақстан болады деген ойдамын. Қарттықты әдемі қарсы алғым келеді. Қазір бойда қуат бар кезде, барынша тырысып, жұмыс істеп, жағдай жасау керек, - деп түйіндеді  Анар Әбдіманап.

Бөлісу: