Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева министрліктің алқа отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еліміздің отыз журналистика факультетінің оқу бағдарламасын түбегейлі жаңарту керек деп есептейміз. Сондай-ақ халықтың медиасауаттылығын арттыруға, баспасөз хатшыларының, өңірлік БАҚ өкілдерінің біліктілігін арттыруға бағытталған 2024 жылға арналған медиасауаттылықты дамыту жоспары әзірленіп, іске асып жатыр, - деді ол.
Балаева министрліктің тарапынан журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру бойынша семинар-тренингтер, оқыту курстарын өткізу жоспарланып отырғанын да айтты.
Жоспар аясында еліміздің журналистері үшін қазақ және орыс тілдерінде қырыққа жуық оқыту іс-шаралары өткізіледі. Бұл ретте тоқсан сайын әр өңірде цифрлық медиа, фактчекинг, медиаэтика және басқа да өзекті бағыттар бойынша кемінде елу журналисті оқыту жоспарланып отыр, - деді министр.
Сондай-ақ Балаева телеарналарда балалар контенті, экологиялық мәдениет, қарапайым еңбек адамы, ұлттық дәстүр, тәрбие, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету секілді өзекті тақырыптарға басымдық берілуі тиіс екенін жеткізді.