Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен аптадан бастап Сенатта жаңа тәжірибе енгізілгені белгілі. Соған сәйкес Палата отырысында баяндама жасаған министрлер мен депутаттар арнайы ұйымдастырылатын брифингке міндетті түрде қатысатын болды, деп жазды Facebook-тегі парақшасында Парламент Сенатының баспасөз хатшысы Данияр Рамазанов.
Дәліздегі немесе лифтідегі қарбаластан гөрі, тыныш жағдайда сұхбаттасу журналистерге де, операторларға да және спикерлерге де ыңғайлы екені сөзсіз. Соған байланысты брифинг өтетін орынның қасынан жаңа баспасөз орталығын құрған едік. Алайда, журналистер аталған орталықтың бұрынғы орны қолайлы екенін айтып, өз пікірлерін білдірді.
Сол кезде Мәулен Әшімбаев барлық ұсынысты мұқият тыңдап, мәселені зерделеуге сөз берген еді. Соған орай Сенат Спикері бізге бұл жайтты пысықтауды тапсырып, журналистерге өздеріне жайлы орында жұмыс істеуге мүмкіндік беру керектігін айтты. Соның нәтижесінде баспасөз орталығы бұрынғы орнына қайта көшірілетін болды, - делінген жазбада.
Ал, брифингке келетін болсақ, оны өткізу жалғаса береді. Бірақ сұрақ-жауап рәсімі журналистерге қолайлы жерде – яғни отырыс залының дәлізінде өтеді. Қазір біздің инженерлік қызмет тиісті орынды дайындап, техникалық жабдықтау жұмыстарын жүргізуде.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, әріптестеріме мұның бәрі журналистердің сұхбаттары халық үшін маңызды әрі қажетті мәліметтерге бай, операторлар мен фотографтардың жұмыстары сапалы болуы үшін жасалып отырғанын жеткізгім келеді. Бұл жерде БАҚ өкілдерінің депутаттарға, министрлерге сұрақ қоюын шектеу туралы ешқандай сөз болған жоқ. Тіпті оның болуы да мүмкін емес. Мәулен Әшімбаевтың кез келген өзекті мәселеге қатысты сұрақтарға үнемі жауап беріп, әрдайым сұхбатқа ашық болуы соның жарқын көрінісі.
Журналистердің бір бірін баса-көктемей, спикердің де, өздерінің де сөздерін бөлмей, көтерілген тақырыпқа қатысты көпшілікті алаңдатқан сауалдар қойып, оған тиісті жауап алуы материалдың сапалы болуына әсер ететіні анық. Тағы бір айта кетер жайт, егер сіз белгілі бір сенатордан жеке сұхбат немесе пікір алғыңыз келсе, бұрынғыдай Палатаның Баспасөз қызметіне хабарласуыңызға болады. Біз сіздің өтінішіңіз бойынша депутатпен кездесуіңіз және қажетті ақпаратқа қол жеткізуіңіз үшін тиісті жағдайды жасаймыз, - деп жазды Данияр Рамазанов.