Журналист мәртебесі қалай өзгерді? Қазақстандағы БАҚ саласындағы басты өзгерістер

28 маусым – БАҚ қызметкерлері күні.

Бүгiн 2026, 09:05
АВТОР
 Бүгiн 2026, 09:05
Бүгiн 2026, 09:05
227

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Соңғы жылдары Қазақстанда медиа саласын реттейтін заңдар жаңартылып, журналистердің құқықтық мәртебесі күшейтілді. Сонымен бірге кәсіби жауапкершілікке қойылатын талаптар да артты. BAQ.KZ осы өзгерістерге шолу жасады.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілді.

Президент журналистиканың қоғамдағы рөліне бірнеше рет тоқталып, бұқаралық ақпарат құралдарын халықтың үні, ал журналистерді қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді ақпарат жеткізуші ретінде бағалап келеді.

Бүгінде ақпарат бұрынғыдан әлдеқайда жылдам таралады. Әлеуметтік желілердің ықпалы күшейіп, цифрлық платформалар негізгі ақпарат көздерінің біріне айналды. Мұндай жағдайда журналистің кәсіби жауапкершілігі де, қоғам алдындағы миссиясы да арта түсті.

Медиа саласын реттейтін заңдар жаңарды

Соңғы жылдары Қазақстанда медиа саласын жаңғырту бағытында бірнеше маңызды заң қабылданды.

2023 жылы «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң күшіне енді. Құжат интернет платформалар мен онлайн жарнаманы реттеудің құқықтық негізін қалыптастырды.

Ал 2024 жылы қабылданған «Масс-медиа туралы» заң ақпарат кеңістігіндегі негізгі құжаттардың біріне айналды.

Жаңа заң алғаш рет «масс-медиа» ұғымын кеңейтті. Бұрынғыдай тек дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, интернет-басылымдар мен цифрлық платформалар да осы санатқа енгізілді.

Сонымен бірге журналистердің құқықтық қорғалуына ерекше назар аударылды.

Журналистің ерекше мәртебесі заңмен бекітілді

«Масс-медиа туралы» заңда алғаш рет журналистің ерекше мәртебесі бекітілді.

Бұл мәртебе журналистің кәсіби қызметін жүзеге асыруына құқықтық кепілдік береді.

Заңға сәйкес журналист:

  • мемлекеттік органдарға ақпараттық сұрау жолдауға;
  • мемлекеттік мекемелерге кіруге;
  • лауазымды тұлғалардың қабылдауында болуға;
  • фото және бейнетүсірілім жасауға;
  • қоғамдық маңызы бар іс-шараларда кәсіби қызметін атқаруға құқылы.

Маңызды өзгерістердің бірі – мемлекеттік органдардың журналистік сауалдарға жауап беру мерзімінің қысқаруы.

Бұрын редакциялық сауалдарға жеті жұмыс күні ішінде жауап берілсе, қазір бұл мерзім бес жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Құқықпен бірге жауапкершілік те артады

Журналистің құқығы кеңейгенімен, заң оның жауапкершілігін де нақты белгілейді.

Заң бойынша журналист:

  • ақпараттың шынайылығын тексеруге;
  • бірнеше дереккөзге сүйенуге;
  • азаматтардың жеке өміріне қол сұқпауға;
  • кәсіби әдеп нормаларын сақтауға;
  • жалған ақпарат таратпауға міндетті.

Сонымен қатар авторлық құпия мен ақпарат көздерінің құпиясы заңмен қорғалады.

Қазақстанда қанша БАҚ жұмыс істейді?

2026 жылғы мәлімет бойынша елімізде 5303 бұқаралық ақпарат құралы ресми тіркелген.

Олардың ішінде:

  • 3181 мерзімді басылым;
  • 253 телеарна;
  • 97 радиостанция;
  • 1457 ақпараттық агенттік пен желілік басылым бар.

Бұл соңғы жылдары цифрлық медианың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Мемлекет журналистерді қалай қолдап жатыр?

Соңғы жылдары журналистерді әлеуметтік қолдау бағытында да бірқатар шара қабылданды.

Президент тапсырмасымен үшінші жыл қатарынан БАҚ қызметкерлеріне тұрғын үй беру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.

Бағдарлама аясында:

  • 2023 жылы – 65 маман;
  • 2024 жылы – 68 маман;
  • 2025 жылы – 66 медиа қызметкері баспанамен қамтамасыз етілді.

Пәтерлер тек журналистерге ғана емес, операторлар, режиссерлер, инженерлік-техникалық қызметкерлер сияқты медиа саласының өзге де мамандарына беріліп келеді.

Сонымен қатар кәсіби мереке қарсаңында Президенттің алғыстары, гранттар мен мемлекеттік марапаттар табысталады.

Журналистердің кәсіби дамуына арналған «Үркер» ұлттық сыйлығы, телевизия саласындағы «Тұмар» ұлттық сыйлығы, Astana Media Week және Орталық Азия медиафорумы сияқты ірі алаңдар тұрақты өткізіліп келеді.

Ақпарат ағыны күшейген қазіргі кезеңде журналистің басты міндеті – қоғамға тексерілген әрі сенімді ақпарат ұсыну.

Фейк ақпараттың көбеюі, манипуляциялар мен ақпараттық шабуылдар жағдайында кәсіби журналистикаға деген сұраныс бұрынғыдан да жоғары.

Сондықтан бүгінгі журналист үшін ақпаратты бірінші болып жариялау ғана емес, оның дұрыстығына жауап беру маңызды.

Журналистика – сөз еркіндігі ғана емес, үлкен жауапкершілік. Ал сапалы әрі кәсіби медиа қоғамдағы сенім мен тұрақтылықтың маңызды кепілі болып қала береді.

Наверх