Адамдардың шектен тыс несие алуы бұқаралық дефолт қаупін туғызып отыр. Бұл әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей қатер төндіреді. Сондықтан дәл осы сегментке қатысты мемлекет риторикасы қатаңдап, басқа елдерден өзгеше шектеулер пайда болғаны рас.
Елімізде кредитті тек банктер ғана бермейді. Олардан бөлек, заң аясында несиені микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер мен ломбардтар бере алады. Барлығы бірігіп «кредиттік ұйым» ұғымына кіреді. 2024 жылы осы кредиттік ұйымдардың несие портфелі 53,6 триллион теңгеден асты. Портфель дегеніміз қолданыстағы кредиттердің жалпы сомасын білдіреді. Оның ішінде шамамен 2,8-3 триллион теңге микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестер мен ломбардтарға тиесілі болса, қалған ең қомақты бөлігі - екінші деңгейлі банктердің үлесі.
Осы 53,6 триллион теңгенің 45 пайызын халық алған. Қалған 55 пайызы бизнеске тиесілі. Халық дегенде – шамамен 9 миллион отандасымызда несие бар. Сонда 24,12 триллион теңгені 9 миллионға шақсақ, әр адамға 2,68 миллион теңгеден келеді. Бірақ медианды есеппен алсақ, 9 миллион халықтың шамамен 85 пайызы кредиттік ұйымдарға 1 миллион теңгеге дейін сома қарыз. Ал қалған 15 пайызының басында ипотека сынды ауқымды кредиттер бар. Сома бойынша негізгі жүктемені солар құрайды.
Үкімет халыққа берілетін кредит нарығының бұдан ары өсуін қауіпті деп санайды. Шыға алмайтын шеңберге кіріп кетуіміз мүмкін: инфляция жоғары болғанда базалық ставка да жоғары болып, кредит ставкалары қымбат болады.
Кредит көбейсе инфляция да жоғары болады. Бізге осы тізбекті қалай болғанда да үзу керек.