"Жүргізуші куәлігі 250 мың теңгеден": Депутат жолдардағы адам өлімі жайлы айтты

Бөлісу:
 Мәжілістің баспасөз қызметі
VIDEO
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Премьер-министр Олжас Бектеновке жол-көлік оқиғаларының көбеюіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, өңірлерге жасалған іссапарлар барысында халық тас жолдардағы апат санының күрт артқанына алаңдап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сауалда жол қателікті кешірмейтіні, алайда сапалы салынған трассаларда да жауапсыздықтың салдарынан адам өмірі қиылып жатқанын атап өтті. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударған. Президент жыл басында «Түркістан» газетіне берген сұхбатында жол-көлік оқиғаларының көбейгенін ерекше атап өткен болатын.

Соңғы бес жылда еліміздегі автокөлік саны 1,7 миллионға артқан, ал жыл сайын Қазақстан аумағы арқылы шамамен 3 миллион транзиттік көлік өтеді. Көлік саны артқан сайын жол-көлік апатының қаупі де жоғарылайтыны айтылды.

Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Қазақстанда 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 32 мыңнан аса адам түрлі деңгейде зардап шеккен, 1 446 адам қаза тапқан. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 7 мыңға көп. Соңғы бес жылда жол апаттары салдарынан 12 мыңнан астам адам көз жұмған, олардың мыңнан астамы – балалар, - деді депутат.

Нартай Аралбайұлы бұл жағдайды қазақтың данагөйі Майқы бидің «Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деген сөзімен сипаттап, мәселенің себептері белгілі болғандықтан, нақты шешімдер қажет екенін атап өтті.

Сауалда бірқатар жүйелі проблемалар көтерілді. Бірінші кезекте жүргізушілердің жауапкершілігіне назар аударылды. Тек 2024 жылы жол қозғалысы ережесін бұзудың 12,6 миллион фактісі тіркелсе, 2025 жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш 9,7 миллионға жеткен. Мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталған жүргізушілер саны 16 мыңнан асқан. Осыған байланысты жол ережесін бірнеше рет өрескел бұзған азаматтарды қайтадан емтихан тапсыруға міндеттеу ұсынылды.

Екінші мәселе – жүргізуші куәліктерінің заңсыз берілуі. Интернет кеңістігінде «250 мың теңгеге жүргізуші куәлігін жасап береміз» деген жарнамалардың ашық таралып жүргені айтылды. Соңғы жылдары осыған қатысты 222 қылмыстық факт анықталған. Депутаттың пікірінше, бұл мәселеде жаза қатаңдатылмайынша, түбегейлі шешім болмайды.

Үшіншіден, айыппұлды көбейту мен камералар мен дрондарды тек жазалау құралы ретінде қолдану тиімсіз екені айтылды. АҚШ пен Еуропа елдерінің тәжірибесін негізге ала отырып, дрондарды жол сапасын бақылау үшін пайдалану ұсынылды. Жолдағы ақаулар анықталған жағдайда, ақпарат автоматты түрде жауапты органдарға жолдануы тиіс.

Төртінші мәселе – жол сапасы. Депутаттың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының шамамен 30 пайызы сапасыз жолдардың салдарынан орын алады. Ашық дереккөздерге сүйенсек, Қазақстан жол сапасы бойынша әлемде 90-орында тұр. Жол белгілерінің болмауы, жолақтардың сызылмауы, шұңқырлардың уақтылы жөнделмеуі апат қаупін арттырады. Осыған байланысты жол салу мен бақылаудың жаңа әрі ашық тетігін енгізу қажеттігі айтылды. Мердігерлер арзан емес, қауіпсіз әрі ұзақ мерзімге жарамды жол салуға міндеттелуі тиіс.

Бесінші мәселе – біржолақты трассалар. 2025 жылы адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғаларының саны 41,9 пайызға өскен. Әсіресе Атырау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында жағдай күрделі. Депутат автокөлік ағыны көп жүретін біржолақты жолдарды кеңейту шұғыл әрі маңызды міндет екенін атап өтті.

Алтыншы ұсыныс цифрлық навигация платформаларына қатысты. Олар жүргізушілерді қауіпті жол учаскелері, ауа райының қолайсыздығы немесе жол жөндеу жұмыстары туралы нақты әрі жедел ақпаратпен қамтамасыз етуі тиіс.

Жетінші мәселе ретінде көліктерге заңсыз орнатылған LED және Bi-LED шамдар көтерілді. Қарсы бағытта келе жатқан жүргізушілердің көзін шағылыстыратын мұндай жарықтар көптеген қайғылы жағдайға себеп болып отырғаны айтылды. Осыған байланысты аталған шамдарға қатаң тыйым салу ұсынылды.

Сауал соңында депутат жол қауіпсіздігі жекелеген саланың емес, адам өміріне тікелей әсер ететін мемлекеттік деңгейдегі мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, жолды қысқартамын деп асыққан азаматтардың өмірі қысқарып кетіп жатыр. Осыған байланысты депутаттық сауалда көтерілген барлық мәселелер бойынша нақты шаралар қабылдап, жүйелі жұмыс жүргізу сұралды.

Өзгелердің жаңалығы