Ақтөбеде жүргізуші колледж студенттерін қағып кетті

15 Қыркүйек 2019, 15:04
2147
Бөлісу:
Ақтөбеде жүргізуші колледж студенттерін қағып кетті
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 14 қыркүйек күні таңғы сағат 09.55 шамасында Ақтөбе облысы, Хромтау қаласында ВАЗ 21140 көлігінің жүргізушісі кәмелетке толмаған балалар тобын қағып кетті. Бұл туралы Ақтөбе облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Көлік тізгініндегі 20 жастағы жүргізуші көлік тұрағынан жол бойына шыққан кезде рөлге ие бола алмай қалып, жол шетінде келе жатқан Хромтау тау-кен техникалық колледжінде оқитын кәмелетке толмаған балаларды қағып кеткен. Жүргізуші оқиға болған жерден жасырынып қалған, бірақ полиция қызметкерлері көп ұзамай оны тауып алды. Көлік айыппұл тұрағына қойылды", - делінген хабарламада.


Жол-көлік оқиғасы салдарынан колледждің 8 студенті мен орта мектептің нөлінші сынып оқушысы Хромтау қаласының орталық аудандық ауруханасына жатқызылып, оларға медициналық көмек көрсетілді. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін зардап шеккендердің бір бөлігі үйіне жіберілген, ал жеңіл жарақат алған қалған үшеуі медициналық мекемеде жатыр.


"Жол-көлік оқиғасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 611-бабының 3-тармағы (көлік құралын басқару куәлігі жоқ немесе  жасаған жол-көлік оқиғасына байланысты көлік құралын басқару құқығынан айырылу) және ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 3-тармағы (көлік құралы жүргізушісінің адам денсаулығына зиян келтіретін жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің белгіленген ережелерін бұзуы) негізінде көлік жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ, жүргізушінің әрекетін құқықтық бағалауды тексеру жүргізілуде", - деп хабарлады Полиция департаментінде.

Өзгелердің жаңалығы