Орталық референдум комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов қандай жағдайда дауыс беру бюллетеньдері жарамсыз деп танылатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер референдум кезінде қазақстандықтар бюллетеньде қандай белгілер қоя алатынын сұрады.
Заңда белгі қою қажет деп көрсетілген. Әдетте, біздің азаматтар құсбелгі қояды, бұл – халықаралық тәжірибе. Алайда құсбелгінің орнына басқа белгі қойылғанымен, егер сайлаушының еркі анық көрініп тұрса, мұндай жағдай комиссияның қарауына ұсынылады. Соның негізінде бюллетеньді жарамды немесе жарамсыз деп тану туралы шешім қабылданады, – дейді Шавхат Өтемісов.
Оның айтуынша, референдум қорытындысын шығару кезінде мынадай бюллетеньдер жарамсыз деп танылады: белгіленген үлгіге сәйкес келмейтін, учаскелік комиссия мүшесінің қолы қойылмаған, референдумға шығарылған сұрақ бойынша ешбір жауап нұсқасы белгіленбеген, белгі қарындашпен қойылған немесе өшірілген, түзетілген іздері бар, сондай-ақ дауыс берушінің еркін анықтау мүмкін емес бюллетеньдер.
Ал барлық жауап нұсқалары белгіленген бюллетень жарамды болып саналғанымен, дауыстарды санау кезінде есепке алынбайды.
Анықталғандай, референдум күні аумақтық комиссияларға 35 өтініш түскен. Ал дауыс беру қорытындысы бойынша екі талап-арыз сотқа жолданды.