Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу – ұзақ мерзімді процесс

29 Қыркүйек 2023, 12:41
4212
Бөлісу:
Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу – ұзақ мерзімді процесс
Фото: Жеке мұрағаттан

Бүгін – Дүниежүзілік жүрек күні! Жыл сайын әлемде 18 миллионнан астам адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болады. Осы ретте жүрек ауруларының алдын алу шаралары жайлы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Консультациялық-диагностикалық орталығының кардиологы Ботагөз Қыстауовамен BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасқан еді.

– Жүрек аурулары қанша жастан бастап анықталады?

– Жүрек-қан тамырлары аурулары жастар арасында да көбейіп келе жатқанын байқауға болады. Ауру жас талғамайды деген сөз бар. Қазір 35 пен 50 жас аралығындағы адамдардың оннан бірінен жүрек кеселі анықталып отыр. Бұған ерте жастан темекі шегу, ішімдік ішу, шамадан тыс тамақтануы себеп болады. Сол себептен дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстану қажет. Бүгінде ерлер мен әйелдердің арасында ерлердің жүрек ауруы жиі кездеседі. Қазргі таңда 40 жастан асқан азаматтарға тексерістен өту міндеттеледі. Жалпы, өлім-жітімнің 55 пайызын жүрек-қан тамыры аурулары құрайды. Жыл сайын осы ауру салдарынан шамамен елімізде 80 мың адам көз жұмады. Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу денсаулық пен ұзақ өмір сүруді қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын естен шығармаған жөн.

– Аурудың алдын алу шараларын айта кетсеңіз.

– Аурудан сақтанамын десеңіз, жеміс-жидектерді, дәнді дақылдарды және құрамында магний бар тағамдарды көбірек тұтыныңыз. Қаныққан май, тұз және қантты шектейтін теңдестірілген рационды ұстаныңыз. Физикалық белсенді болыңыз – тұрақты жаттығулар жүрек пен қан тамырларын нығайтады. Қалыпты салмақты сақтаңыз – артық салмақ пен семіздік жүрек ауруының қаупін арттырады. Темекі шегуден және алкогольді ішімдік ішуден бас тарту керек – бұл зиянды әдеттер жүрек пен қан тамырлары ауруларының қаупін арттырады. Күйзеліске түсу жүрекке кері әсер етуі мүмкін. Өмірде бәрі біз қалағандай бола бермейді. Оны түсіну және қабылдау керек. Кез келген жағдайда үрейленбеңіз. Қан қысымын үнемі өлшеп, холестерин мен қандағы қант деңгейін бақылауда ұстау қажет. Қажет болса, дәрігердің ұсынымы бойынша дәрі-дәрмектерді қабылдаңыз. Егер жүрек-қан тамырлары ауруларыңыз болса, тағайындалған емдеу мен дәрігердің ұсыныстарын қатаң сақтаңыз.

–Жүрек жиі шаншыса, белгілі бір аурудың белгісі болу мүмкін бе?

– Дәрігерге бірден қаралу керек. Жоғарыда атап өткендей, ауру жас талғамайды. Тексерістен өту маңызды, оны үй жағдайында анықтап, өз бетімен дәрі ішпеу қажет. Жалпы, жүректе ауру беретін кесел ишемия деп аталады. Жүрекке қан беретін тамырлар бітелсе немесе бітелуге жақын болса, шаншуы мүмкін. Дегенмен шаншудың түріне қарай ауру әртүрлі болады. Бірде жұмыс істеп жатқанда, ұйықтап жатқан да ине қадағандай шаншуы мүмкін. Сол себептен ауруханаға барып, анализ тапсырып анықтау қажет. Шаншуға қарап, оны тікелей осындай ауру деп айту қиынға соғады.

– Жүрек ауруларының ішіндегі ең қауіптісі қандай?

– Жүрек-қан тамырлары аурулары кеңінен жайылып бара жатқандықтан, аурудың түрлері де көп. Оның ішіндегі ең қауіптісі әрі күрделісі - миокард инфарктісі. Осы ретте «диспансерлік аурулардың электрондық регистрі» ақпараттық жүйесінің мәліметтері бойынша, республикада 2023 жылғы бірінші тоқсанда диспансерлік есепте қан айналымы жүйесінің аурулары бойынша 1 760 744 пациент тұр, оның 5914-і – бала. Ал артериалдық гипертония бойынша – 1 628 155 ересек адамдар, оның 817-сі – бала. Осы аурулар ең көп таралған. Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу – ұзақ мерзімді процесс. Өмір бойы салауатты өмір салтын ұстану маңызды.

Өзгелердің жаңалығы