Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жұмыста өзгенің тәттісін жеген қызметкер сот алдында жауап берді

23 Қыркүйек 2025, 15:39
816
Бөлісу:
 en.yna.co.kr
Фото: en.yna.co.kr

Оңтүстік Кореяда қызметкер 280 теңге шамасындағы екі тәтті жегені үшін «ұрлық» айыбымен сотқа тартылып, қоғамда заңның шамадан тыс қаталдығы туралы пікірталас туғызды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Yonhap News агенттігіне сілтеме жасап.

Оңтүстік Кореяда шамамен 1 050 вон (шамамен 280 теңге) тұратын екі тәтті үшін басталған сот дауы қоғамда үлкен талқылауға ұласты.

Өткен жылы логистикалық компанияның субмердігер қызметкері кеңседегі ортақ тоңазытқыштан 400 вондық (шамамен 105 теңге) Choco Pie шоколадты бәліші мен 650 вондық (шамамен 175 теңге) Custard тортын рұқсатсыз алып жеп қойған. Компания оны «жұмыс орнындағы ұрлық» деп айыптап, сотқа берген.

Мамыр айында сот жұмысшыға 50 мың вон (шамамен 13 300 теңге) айыппұл салды. Бұл шешім қоғамда дау тудырып, осындай ұсақ оқиға үшін қылмыстық жаза қолданудың қажеті бар ма деген пікірталасқа себеп болды.

Айыпталушы өз кінәсін мойындамай, апелляциялық шағым түсірді. Чонджу қалалық сотында өткен тыңдауда судья «Мұндай мәселе сотқа жетуі тиіс пе?» деп күмән келтірді. Қорғаушылар тоңазытқыш барлық қызметкерлерге ортақ болғанын айтып, әрекетті ұрлық деп санауға негіз жоқ екенін жеткізді.

Келесі тыңдау 30 қазанда өтпек. Прокурорлар да «ақылға қонымды шешім» іздеп жатқанын мәлімдеді. Компания тарапынан талап қатты болғандықтан, келісімге келу мүмкін болмағаны хабарланды.

Өзгелердің жаңалығы