Ең көп жұмыссыз жас Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте жүр

5 Ақпан 2020, 16:33
1913
Бөлісу:
Ең көп жұмыссыз жас Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте жүр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев мәлімдеді. 

Қазір елімізде еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін жастардың саны 300 мыңға жуық. Біз соның базасын жасап, барлық облыс бойынша әлеуметтік картасын істегіміз келіп жатыр. Ондағы мақсат – ол азаматтар кімдер, олардың отбасылық жағдайы қандай, білімі бар ма, жоқ па екенін білу. Мүмкін олардың кейбіреуінің мүмкіндігі шектеулі, кейбіреу жалғызбасты анамен тұрады. Осы бойынша барлық деректі жинап, цифрландыру арқылы жұмыс істейміз. Негізінен жұмыссыз жастар ауылдардан қалаға келіп жатыр. Сондықтан Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында жұмыссыз жүрген жастар басқа жерлерге қарағанда көбірек, - деді вице-министр. 

Осыған ол Жаңаөзен қаласындағы жастардың жұмысқа тұру мәселесіне де тоқталды.

Бірден айтайын, Жаңаөзен қаласына шетелден ешқандай жұмыс күші тартылмаған. Біз 3-ші және 4-категориялық, яғни қарапайым жұмысшылар санын жыл сайын азайтып келеміз. Былтыр 49 мың квота берілсе, биыл оның саны - 29 мың. Болашақта осы санаттағы жұмысшылардан мүлдем бас тартамыз, себебі ондай жұмыстарға өзіміздің де азаматтарды тартамыз. Жаңаөзендегі жастардың көбі "Өзенмұнайгазға" барғысы келеді. Алайда, компанияның мүмкіндігі шектеулі ғой. Она жұмысқа тұрғысы келетін азаматтарды қарап көрсек, бірінші мәселе – біліктілігі. Ол 500-600 мың айлық алуы үшін тиісті біліктілігі болуы керек. Осындай мәселе бар, - деді Ержан Жылқыбаев. 

Оның сөзінше, қазіргі таңда министрлік бұл мәселені шешу үшін бірқатар жұмысты қолға алып, жұмыссыздарға жол ашуда. 

Біз 32 кәсіпорын таңдап алдық, енді олар "Өзенмұнайгаздың" мемлекеттік сатып алуына қатысу арқылы тұрақты, ұзақмерзімді келісімшарттар жасайды. Біз соған жол аштық. Бірақ, ең басты шарт – олар сол жерде өз өндірісін ашып, жұмыс орындарын құруы қажет. Кейін жалақыларын 70-80 мың қылмай, кемінде 120 мыңнан бастап 320 мың болсын дедік. Аталған кәсіпорындар 30-40 жұмыс орнын құрады. Ал жоспар бойынша жыл соңына дейін 1,5 мың жұмыс орны ашылады. Оларға қойылатын негігі шарт – жұмысқа бірінші кезекте Жаңаөзен қаласының тұрғындары алу және айлығын мен айтқандай қою. Біз мұны қадағалайтын боламыз. Енді нәтижесі туралы наурыз айында есеп береміз, - деді министрдің орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы