Жұмыссыз әрі баспанасыз жастарға үш мүмкіндік

12 Тамыз 2023, 16:31
3682
Бөлісу:
Жұмыссыз әрі баспанасыз жастарға үш мүмкіндік
Фото: pixabay.com

Еліміздегі жұмыссыз әрі баспанасыз жүрген жастарға арналған қандай бағдаламалар бар? Мемлекет басшысының былтыр қабылдаған жастар туралы заңға қандай толықтырулар енгізілді? NEET санатындағы жастардың жайы қалай шешіліп жатыр? Осы және өзге де өзекті мәселелер туралы Астана қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Ақұлан Тастемір сұхбат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

– Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңға толықтыру енгізілді. Бір жылдай уақыт болды. Қандай маңызды өзгерісті атап өте аласыз?

– Жыл басында жаңа заң күшіне енді. Бұл заң мемлекеттік жастар саясатын жетілдіріп, одан әрі дамытады. Негізі Жастар туралы заңның қабылданғанына көптеген жыл болды, алайда аталған заңнама тек толықтыру ретінде қосылғанын атап өткен жөн. Оның ішінде атап айтатын, бірнеше өзгеріс бар. Жалпы, республикадағы жастардың жалпы жасы 35-ке ұлғайды. Бұрын жастардың жасы 14-29 жасқа дейін 3,7 млн жас болған болса, қазіргі таңда заңға сәйкес, елімізде 6 млн-ға жуық жас бар. Заң аясында 35 жасқа дейін көтерілгеннен кейін бұл жаңа мүмкіндік алаңына айналды. Себебі, кез келген мемлекеттік бағдарлама ұсыныс беру, жастардың үй алуы немесе білім алу секілді жобаларға қаржылай көмек пен қолдау саны екі есе артты. Бұл 35 жасқа дейінгі азаматтарға жүйелі қолдау деп есептеуге болады.

Екінші бағыт - жастардың даму индексі. Мұны өлшем бірлігі десек те болады. Жалпы, елімізде қанша жастар бар? Олар қалай дамып жатыр? Қандай мәселелер бар? Оны қалай шешу керек? Қай өңірдің жастарына қандай бағдарламалар қажет? осы секілді әртүрлі индекстік зерттеулер жүргізіледі. Нәтижесінде әр өңірдің жастарына, сол жердің әкімдіктеріне біз тиісті ұсынымдар бере аламыз. Мәселен, кейбір өңірде жұмыссыздық басым болуы мүмкін, кейбірінде баспанаға деген қажеттілік көп болуы мүмкін. Бұл заңның аясында қолға алынған жүйелі жұмыстардың бірі.

– Елімізде 35 жасқа дейінгі азаматтарды жастар қатарына қосқаннан кейін NEET санатындағы жастардың да саны артқаны анық. Оларды қоғамға бейімдеу, жұмысқа орналастыру секілді жұмыстар жөнін айта өтсеңіз?

– NEET санатындағы жастарды жалпы жүйеге келуін шешу үшін елімізде еуропадан енген NEET санатындағы жастарға арналған арнайы бағыт бар. NEET жастар ерекшелігі олар – білім алмаған, жұмыс істегісі келмейтін азаматтар. Бұл санаттағы азаматтармен елдің әр өңірінде жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Республикада 232 жастар ресурстық орталығы бар. Әр орталыққа бір жылдан астам уақыт болды NEET санатындағы жастармен жұмыс істейтін бөлім қалыптастырылды. Себебі, NEET жастармен түбегейлі жұмыс істеу керегіне көзіміз жетті десек артық айтпаймыз. Сондай-ақ елімізде 3,5 мыңға жуық жастар орталығының қызметкері бар. Еліміздегі жұмыссыз жастар, NEET санатындағы жастар басқа да санаттағы жастарды әлеуметтік жағдайын реттеуге, оқытуға және жұмыс табуға орталық қызметкерлері жүйелі жұмыс атқарып жатыр.

– Оқуын енді бітіріп алып, бірақ жұмысқа тұрғысы келсе, жұмыс беруші «стажың жоқ деп айтады» деп сабылып жұмыс іздеп жүрген жастар көп. Оларға не істеу керек?

– Жұмыс істеймін деген азаматқа үш түрлі бағдарлама бар. Кеше ғана оқуды бітірген қолында дипломы бар, яғни тәжірибесі жоқ не болмаса жұмысқа тұратын мүмкіндігі жоқ азаматтарға үш бағдарлама бар. Біріншісі, - «Жастар практикасы», екіншісі – «Қоғамдық қызмет» және «Ұрпақтар сабақтастығы». «Жастар практикасы» мен «Қоғамдық қызмет» бағдарламасының талаптары бірдей, тек бір айырмашылығы жастар практикасында оқу бітіргеніне соңғы үш жыл болған азаматтар жұмысқа тұра алады. Ал «Қоғамдық қызмет» бағдарламасы бойынша азаматтың қолында дипломы болса жеткілікті. Азамат бір жылдың көлемінде тұрақты жұмысқа ие бола алады, 100 мың теңге жалақысы төленеді. Сондай-ақ бағдарлама бойынша кейін азамат жұмысқа тұрған жеріндегі ұйымға штаттық құрамға кіруге мүмкіндік беріледі. «Ұрпақтар сабақтастығы» - зейнет жасына жақындаған егде азаматтарға арналған. Бұл бағдарламада зейнет жасындағы азаматтар өз тәжірибесімен жастарға білгенін үйретіп, әрі қарай өз орнына жас мамандарға қалдыруға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз – ешқандай көкесіз, ешқандай таныссыз жұмыспен қамту орталықтарына барып, өтінімді беріп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік. Аталған үш бағдарлама азаматтарға кемінде бір жыл бойы тәжірибе жинауға көмектеседі.

– Баспана мәселесі әркез өзекті. Бұл тарапта алдағы жылдары жаңа жобалар әзірлене ме? Қазіргі тиімді бағдарламаларды атап өтсеңіз?

– Елімізде баспана бағдарламасының екі түрлі бағыты бар. Біріншісі, 2019 жылы негізі қаланған «Жалдалмалы баспана» жобасы. Бағдарлама Астана, Алматы және Шымкент қалаларында іске асып жатыр. Жоба аясында жыл сайын мың пәтер беріледі. 5 жыл көлемінде жастар пәтер бөлмелерінің санына байланысты 5-15 мың теңге көлемінде өз баспанасын алғанша жалдай тұрады. Ол үшін азамат сол қалада 2 жыл тұрақты тіркеуі бар және тұрақты жұмысы бар болуға тиіс. Баға қолжетімді болғандықтан жастар өзінде қалған қаржыны банкке құйып, бес жылдың ішінде өз пәтерлерін қол жеткізе алады.

Екіншісі, сатып алу құқығымен берілетін баспаналар. Бұл жоба «Алматы жастары» деген жобамен бастау алған болатын. Онда жас азамат 20 млн-ға дейінгі үйдің бастапқы 10 пайызын береді. Яғни азамат алғысы келген пәтердің 1,8-2 млн теңгесін беріп, пәтерді 25 жылға дейін 5 пайызбен алады. Алматы қаласынан бастау алған бағдарлама қазіргі таңда еліміздің тең етек жайды. Жергілікті әкімдіктердің қаржына қарай үйлер саны әртүрлі болады. Бағдарлама 15-ке жуық өңірде іске қосылды, жылдың аяғына дейін бүкіл 20 өңірде іске қосылады.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

– Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 26 желтоқсанда «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Өзгелердің жаңалығы