Жұмысшы құқығының бұзылуына қатысты 800-ге жуық шағым түскен

27 Қыркүйек 2020, 21:21
2177
Бөлісу:
Жұмысшы құқығының бұзылуына қатысты 800-ге жуық шағым түскен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек заңдылығын бұзу тыйылар емес. Мұны жыл басынан бері азаматтардың Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына 762 шағым түсіруінен байқауға болады. Басқарма мамандары 726 шағымды тексеріп, 313 азаматтың еңбек құқығын қорғады.

Еңбек инспекторларының жұмыс берушілермен ынтымақтаса әрекет етуінің нәтижесінде 27 жұмысшының 3,2 млн теңге жалақысы өндіріліп, жұмыскерлермен еңбек шарттары жасақталды. Ал шағымдар негізінде, сондай-ақ, жоспарлы түрде 80 тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде еңбек заңнамасын бұзудың 135 дерегі анықталды. Аталған заңсыздықтарды жою үшін 67 ұйғарым енгізіліп, 39 әкімшілік хаттама толтырылды. Заң талабын бұзушыларға 14,2 млн теңге айыппұл салынды. Айыппұлдың 4,9 млн теңге өндірілді, - дейді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров.

Оның мәлім етуінше, өндірісте жұмысты дұрыс ұйымдастыруға мән берілмейді. Тіпті жарамсыз көліктер мен қондырғылар пайдаланылып, қауіпсіздік ережелері сақталмайды. Мұның бәрі жазатайым оқиғалардың болуына себеп.

Жыл басынан бері осындай жағдайлардың салдарынан 5 жұмысшы қаза болды. Ал 7 жұмысшы ауыр дене жарақатын алды. Осы дерекке қатысты арнайы тергеу құжаттары құқық қорғау органдарына жолданды. Демалыс күндері істелген жұмыс үшін еңбекақыны төлемейтін бірнеше мекеме анықталды, - дейді Игілік Әубәкіров.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін аталған облыста жыл басынан бері 27 адам суға кетіп қаза болғаны туралы хабарлаған болатынбыз.
Өзгелердің жаңалығы