Жұмысшы мамандықтары жылы: темірден түйін түйген шебер

Бөлісу:
Жұмысшы мамандықтары жылы: темірден түйін түйген шебер
Фото: жеке мұрағатынан

"Біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады" деді Президент. BAQ.KZ тілшісі темірден түйін түйіп, өрнек сызған жамбылдық дәнекерлеуші Нұрғазы Тұрлығұловтың тірлігімен танысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында биылғы жылды "Жұмысшы мамандықтары жылы" деп жариялады. "Біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады" деді Президент.

Расында, қандай жұмыс істесең де, оған ең әуелі жауапкершілік пен талпыныс, сүйіспеншілік керек. Ыждағаттылық, төзімділік пен сенімділікті жаныңа серік етпесең, істеген ісіңнің олқы тартып кететіні бар. Әрбір істе табысқа жету үшін таймайтын табандылық, кәсібіңнің шебері болуың маңызды. Ол дүние кейбіреуге уақыт өте келеді, енді біреу көздегеніне танбас талапшылдығының арқасында жетеді. Алдына нақты мақсат қойып, сол жолда тынымсыз еңбек етіп, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрген азаматтар арамызда баршылық. Бүгінгі кейіпкеріміз темір пісірген Өрнек ауылының тұрғыны – Нұрғазы Тұрлығұлов. Дәнекерлеуші мамандығын жетік меңгерген ағамыз тындырымды тірлігінің арқасында көптің алғысына бөленіп, бүгінде өзінің білгенін кейінгі жастарға үйретіп жүр. Яғни, №17 Жамбыл колледжінде «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша шәкірттеріне тәлім беріп, дәнекерлеуші мамандығының қыр-сырын үйретуде.

Мен бұл саланы өзім таңдап келдім. Жылдар өткен соң, тәжірибе жинап, оқу оқыдым. Қарапайым жұмысшы екенімді мақтанамын. Себебі, бұл мамандық Қазақстанға керек. Маған білімгерлерді үйреткен, олармен жұмыс істеген ұнайды. Ұжымым да тамаша. Бір бірімізге барынша қолдау, көмек көрсетуден жалықпаймыз. Мен басқа салада жұмыс жасауды елестете алмаймын. Себебі, бұл жерге әбден үйреніп қалдым. Оны ешқандай жерге айырбастағым да келмейді. Бұл жер менің отбасым десем қателеспеймін. Ұжымым жақсы. Әріптестеріммен тіпті туыстай болып кеткенбіз , - дейді Нұрғазы Тұрлығұлов.

Жұмысшы мамандығы әрқашан мақтауға лайық. Себебі, маңдай терін төгіп, қиындаққа мойымайтын, еңбек ететіндер ғана жетістікке жетеді. Бүгінде Нұрғазы Тұрлығыұловтың үйіне келіп тапсырыс берушілер де көп. Елді мекенде үйдің жылу жүйесін дәнекерлеп, бұзылған, соғылған көлік құралдарын да дәнекерлейді.

Шын мәнінде, жұмыс істеп көрмей, үш жылда адам еш нәрсеге үйренбейтінін ұқтым. Оқуды бітіріп, жұмысқа барғанымда ондағылардың «тәжірибесі жоқ, жұмысты үйрене алады ма?» деген сауал жүздерінде тұрды. Бірде қасыма тәжірибелі дәнекерлеуші келіп: – «Дәнекерлеу оңай іс емес, бұл мамандықты неге таңдадыңыз?» – деп сұрады. Бірақ, іштей үлкен жауапкершілікті сезіндім. Сол себепті үйренуге міндеттімін деп шештім. Білікті мамандар дәнекерлеу барысында мынандай қарапайым әдістерді түсініп, оларды бұлжытпай орындасаң, бұл кәсіпті көп ұзамай игеріп кететінімді айтып, бұл салада көзімді ашты. Қанша жыл еңбек етсең де адамда жауапкершілік маңызды рөл атқару қажет. Сонда ғана тиянақты жұмыс болады. Осы ой мені саланы жетік меңгеруге, білікті дәнекерлеуші болуыма сеп болды. Студенттерге білім бере отырып, бос уақытымда тапсырыстар аламын. Мәселе қаражатта да емес. Бекітілген бағада жоқ. Көмек сұрап келген адамға қолдау білдірсем деймін. Қолымнан келіп тұрса, неге көмектеспеске, – дейді еңбек адамы.

«Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді» деген сөз бекер айтылмаса керек. Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Ол өз бағытын тындырымды тірлігінен тауып келеді. Тек жақсы маман ғана емес, отбасында қамқор әке, ұл-қыздарына өнегелі тәрбие беріп келе жатқан Нұрғазы Бесбайұлын көпшілік сондықтан да құрметтеп, сыйлайды.

“Өзіңді - өзің танысаң – істің басы” деп, Шәкәрім атамыз айтып өткендей, өзіңнің кім екеніңді, қандай екеніңді білмесең, мақсатың қай бағытта жүретінін және қандай мінез-құлық қалыптастыру қажеттігін білу одан да қиын. Демек, ең алдымен адам өзін танудан бастау керек. Өмірде нені қалайтынымызды, қандай болашақ туралы армандайтынымызды түсіну қиын болуы мүмкін. Алайда, ауқымды мақсаттар қоюдың қажеті жоқ. Адам өзін не қызықтыратынын, не шабыттандыратынын анықтап және содан бастауы маңызды. Менің білімгерлерге айтар ақылым осы. Алдағы мақсат қою керек. Ең бірінші жақсы адам, мықты маман болу да маңызды. Жақсы адам бола отырып, ортаңды көбейтесің, жақсы маман бола отырып, артыңа өнеге қалдырасың.

Еңбек адамының айтуынша, оқу орнында соңғы жылдары орасан зор өгерістер орын алуда. Оның ішінде ең маңыздысы кәсіптік білім алуға ниеттеніп келетін жастар саны артқан. Сонымен қатар қауіпсіздік шараларына көп көңіл бөлініп, қажетті жабдықтарда жаңартылған. Ол өз кезегінде ұжымдастарында өз ісін сүйетін, үлкен құрметке ие еңбек адамдары деп есептейді. Өйткені, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, еңбек адамы қашанда абыройлы болу керек. Мұндай адамдар елге сыйлы азаматтарға айналуы қажет.

Еңбек жолымды жұмысшы маман ретінде бастаған жылдардан бері көкейге көп нәрсені түйдім. Қазір осындай жетістікке жеткенім сол жылдары еткен еңбек пен төккен маңдай тер үшін берілген үлкен жолдама деп білемін. Қазір жаңалыққа құмар, қолынан іс келетін, жақсылықты үйренуге тырысатын жастарымыз көп. Соның ішінде қиын салада жұмыс істеп жатқан жастарға қарап, риза боласың. Әсіресе, жас мамандарға. Дейтұрғанмен, қолында кәсіптік білім алғанын растайтын дипломы болғанымен, жұмыссыз жүргендер көп. Жұмысшы мамандықтарына жастарды көптеп тартуда ынталандыруға баса мән берген жөн секілді. Әсіресе күрмеуі қиын әлеуметтік мәселені шешуге септігі тиетін болса, мысалы құрылыс компаниялары жатақханамен қамтыса, келешекте төмен пайызбен үй беріледі дегендей жеңілдіктер қарастырылса. Мұндағы түпкі мақсат әрине, жастарды еңбекке баулып, болашағына бағыт-бағдар беру. Сонымен қатар қоғамда жұмысшы болудан жасқанатындар да бар. Жұмысшы адамның мәртебесін көтеріп, оларға дұрыс баға беретін шақ туды. Әнші, спортшыларды жарнамалағандай, жұмысшыны да елге таныту қажет. Жыл сайын өтетін, шағын аудиторияны қамтитын, шығыны көп науқандық іс-шараларды тыйып, осы дөңгелек үстел басында айтылған, маман даярлаудағы жүйелілікті, жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы байланысты реттесек, оларды насихаттау үшін әлеуметтік желінің мүмкіндігін молынан пайдалансақ, жұмысшының абырой-беделі де, жалақысы да арта түсер еді, — деді кейіпкеріміз.

Еңбек – адамның абыройы мен беделін қалыптастыратын маңызды факторлардың бірі. Ата-бабаларымыз «Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, адал еңбек адамның өзін-өзі дамытуына, өмірде жетістікке жетуіне және қоғамда лайықты орын алуына мүмкіндік береді. Мемлекетіміз еңбек адамдарын қолдауға және олардың жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөледі. Түрлі әлеуметтік бағдарламалар, кәсіптік білім беру курстары, еңбек нарығын реттеу шаралары – барлығы да еңбекқор азаматтарды ынталандыруға бағытталған. Себебі әрбір саладағы мамандардың кәсібилігі мен адалдығы елдің тұрақты дамуының кепілі болып табылады.

Иә, нағыз еңбек адамы – тек өз мамандығын жетік меңгерген кәсіби шебер ғана емес, сонымен қатар жауапкершілікті сезіне білетін, адалдықты, ұқыптылықты және төзімділікті бойына сіңірген жан. Олар қоғамға пайдалы іс атқарумен қатар, жастарға үлгі болып, олардың саналы азамат болып қалыптасуына септігін тигізеді. Еңбек адамы – мемлекеттің басты тірегі. Олардың қажырлы еңбегінің арқасында ел экономикасы дамып, қоғам көркейе түседі. Сондықтан әр азамат өз саласында адал еңбек етіп, кәсіби шеберлігін арттыруға ұмтылуы қажет. Өйткені шынайы табыс пен абырой тек еңбектің нәтижесінде ғана келеді.

Өзгелердің жаңалығы