Астанада "Жұмысшы мамандықтары" жылы аясында елордада "Жұмысшы мамандықтары қаласы" фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығын атап өткен еді. Осы орайда Астанада "Жұмысшы мамандықтары"жылына арналған фестиваль басталды.
Жұмысшы мамандықтары қалашығының ең басты мақсаты – жұмысшы мамандығының жаңа идеологиясын сіздерге, яғни жастарға таныстыру. Жұмысшы мамандығы деген өнімділігі төмен жұмыс емес. Жұмысшы мамандығы деген бүгін дрондарды жинайтын, егіс-алқаптарында дрондарды басқаратын, жаңа технологияларды басқаратын үлкен өндірістегі жаңа профессионал деп айтуымызға болады,-деді Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялаудың маңыздылығына тоқталды.
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаяды. Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, ал болашақта олардың санын 4 мыңға дейін арттыру жоспарлануда.
Жұмысшы мамандықтар жылында іске асырылатын негізгі іс-шаралардың бірі еліміздің 10 колледжін интернационалдандыру болмақ. Негізгі мақсат – олардың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру және білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру. Атом энергетикасы бойынша мамандарды даярлауда Венгрияның тәжірибесін енгізу, сондай-ақ Қытайдың IT, дрон құрастыру және машина жасау саласындағы тәжірибесін қолдану жоспарлануда. Сонымен қатар Астанада техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттерін қолдау және дамыту мақсатында Ұлттық құзыреттілік орталығы құрылады. Мұндай орталық Қытайда, Оңтүстік Кореяда және БАӘ-де табысты жұмыс істеуде. Ал осы күзде Ақтауда TurkicSkills - түркітілдес елдер арасында I кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді,-деді министр Ғани Бейсембаев.
Жұмысшы мамандықтары қаласының қонақтарына арнайы тақырыптық көшелер салынған.
Ол жерде тау-кен металлургия көшесі, инженер-механик және көлік қызметкерлері көшесі, ауыл және су шаруашылығы қызметкерлері көшесі, құрылысшылар көшесі, болашақ мамандықтар, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер бұрышы бар.
Сонымен қатар кәсіби дамудың түрлі салалары мен бағыттарын көрсететін 40 креативті үй ұсынылған.
Бірнеше күн ішінде түрлі семинарлар мен шеберлік сыныптары, мамандықтар шеруі, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, стартаптардың тұсаукесері, машина жасау бойынша шеберлік сыныптары, концерттер, халықаралық аккредиттелген техникалық және кәсіптік оқыту курстары және тағы басқа іс-шаралар өтеді.