Тамара Дүйсенова Мемлекет жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін азаматтарды ерікті түрде көшіру бойынша шараларды жүзеге асырып жатқанын айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, бүгінгі күні жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 1 147 отбасы немесе 3,8 мың адам қоныс аударды. Қоныс аударғандардың ішінде 540 адам – шетелден келген қандастар.
Өңірлер бөлінісінде қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдау бойынша Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді, Қарағанды және Ұлытау облыстары бұл көрсеткіш бойынша артта қалып келеді. Қоныс аударушылардың жартысына жуығы немесе 44 пайызы - 29 жасқа дейінгі жастар, – деді Тамара Дүйсенова.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі «Ашық Қазақстан 500+» көші-қон саясатының тұжырымдамасы әзірленгенін де атап өтті. Ол еліміздің экономикалық дамуындағы кадрмен қамту мәселесін қолдауға бағытталған.
Сөзінің соңында Тамара Дүйсенова министрлік «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын табысты іске асыру бойынша жұмысты жалғастыратынын айтты.