Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушының орынбасары Талғат Үмбетияров қызметкердің жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырылғанын қалай анықтай алатынын, сақтандыру рәсімделмеген жағдайда жауапкершілік кімге жүктелетінін және өндірістік жарақатқа қатысты даулар қалай шешілетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қызметкер сақтандырудың бар-жоғын қалай тексере алады?
Талғат Үмбетияровтың айтуынша, қызметкердің міндетті сақтандырылғаны туралы ақпарат еңбек шартында көрсетілуі тиіс.
Ең алдымен, еңбек шарты жасалған кезде қызметкер құжаттың барлық талаптарымен мұқият танысуы қажет. Оның ішінде қызметкердің жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырылғаны туралы тармақтың бар-жоғына назар аударған жөн. Бұл еңбек шартының маңызды талаптарының бірі, – деді ол.
Оның сөзінше, егер еңбек шартында мұндай мәлімет көрсетілмесе, қызметкер жұмыс берушіден тиісті тармақты енгізуді талап ете алады. Сонымен қатар сақтандыру шартының көшірмесін сұратуға құқылы.
Сақтандыру рәсімделмесе, өтемақыны кім төлейді?
Маманның айтуынша, заң бойынша қызметкерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жұмыс берушінің тікелей міндетіне жатады.
Егер қандай да бір себептермен қызметкер сақтандырылмаған болып шықса, оның ішінде жұмыс беруші заң талаптарын білмеген жағдайда да жауапкершілік жұмыс берушінің өзіне жүктеледі. Өйткені заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды, – деді Талғат Үмбетияров.
Оның айтуынша, егер міндетті сақтандыру шарты жасалмаған болса, заңнамада көзделген барлық төлемдерді жұмыс берушінің өзі өтеуге міндетті.
Мұндай жағдайда қызметкерге төленуі тиіс өтемақылар мен өзге де төлемдерді сақтандыру ұйымы емес, жұмыс беруші төлейді, – деп нақтылады ол.
Өндірістік жарақатты тұрмыстық жарақат ретінде көрсету жағдайлары кездесе ме?
Талғат Үмбетияров мұндай жағдайлар кездесетінін, алайда олардың жиі болмайтынын айтты.
Мұндай жағдайлар бар, бірақ оларды жаппай құбылыс деп айтуға болмайды. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек қызметіне байланысты болған, еңбекке қабілеттіліктің жоғалуына немесе адамның қайтыс болуына әкелген әрбір жазатайым оқиға міндетті түрде тергелуге тиіс, – деді ол.
Оның түсіндіруінше, тергеу барысында арнайы комиссия оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, себептерін зерттейді және оған құқықтық баға береді.
Қызметкер тергеу қорытындысымен келіспесе не істеуі керек?
Маманның айтуынша, қызметкер жазатайым оқиғаны тергеу нәтижелерімен немесе комиссияның қорытындысымен келіспесе, өз құқықтарын қорғауға толық құқылы.
Егер қызметкер тергеу нәтижелерімен немесе оқиғаның саралануымен келіспесе, ол еңбек инспекциясына немесе сотқа жүгіне алады. Заң мұндай құқықты толық көлемде қарастырған, – деді Талғат Үмбетияров.
Оның айтуынша, жазатайым оқиғаны тергеуге байланысты жұмыс беруші мен қызметкер арасында дау туындаса, мұндай мәселе сот тәртібімен қаралады.
Жазатайым оқиғаны жасырған жұмыс беруші жауапқа тартылады
Талғат Үмбетияров еңбек қызметіне байланысты болған жазатайым оқиға туралы уақтылы хабарламаған жұмыс берушілер үшін заңда жауапкершілік көзделгенін де еске салды.
Еңбек кодексіне сәйкес еңбек қатынастарының негізгі субъектілері – жұмыс беруші мен қызметкер. Сондықтан өндірістегі жазатайым оқиға туралы хабарламау немесе оны жасыру заң талаптарын бұзу болып саналады және ол үшін жұмыс беруші жауапкершілікке тартылады, – деді ол.
Маманның сөзінше, қызметкерлер еңбек шартын мұқият оқып, сақтандырудың бар-жоғын алдын ала тексергені жөн. Ал өндірістік жарақатқа қатысты күмәнді жағдайлар туындаса, еңбек инспекциясына немесе сотқа жүгіну арқылы өз құқықтарын қорғай алады.