АҚШ федералды билігі Лас-Вегасқа жақын шөлейттен табылған жұмбақ жағдайды тергеп жатыр. Қалаға шамамен бір сағаттық жерде, топырақ жолдың бойында 100-ден астам адамның кремацияланған күлі үйінді түрінде қалдырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ 8 News Now арнасына сілтеме жасап.
Оқиға туралы 28 шілдеде белгілі болды. Серчлайт елді мекенінің жанында жүрген ер адам адами күлге кездейсоқ тап болып, бұл туралы БАҚ-қа хабарлаған.
Жер ресурстарын басқару бюросы табылған қалдықтардың шынымен де кремацияланған адам күлі екенін растады. Мамандар мұндай қалдықтарды кремейндер деп атайды. Сондай-ақ оқиға орнынан пластик байламдардың бөлшектері мен сынған урна табылған. Алайда жеке басын анықтауға көмектесетін ешқандай дерек болған жоқ, – деп жазады телеарна.
Невада штатында заң бойынша қоғамдық жерлерде адамның күлін шашуға тыйым салынбаған. Бюро саясаты да мұндай рәсімге рұқсат береді, бірақ бір шартпен: күлді коммерциялық мақсатта таратуға болмайды.
Шөлден табылған күл жаңбыр мен күннің әсеріне ұшырап үлгерген. Жер ресурстарын басқару бюросының өкілдері тергеу жалғасып жатқанына байланысты пікір беруден бас тартқан.
Қазірше бұл оқиғаның жақында жабылған, бұрын басқа істің аясында тергелген жерлеу үйімен байланысы бары туралы дерек жоқ, – деп нақтылады америкалық телеарна.