Мемлект басшысының 5 қыркүйек күні Тобыл–Торғай жеріне жасайтын іссапарынан жергілікті халық үлкен үміт күтіп отыр деп хабарлайды BAQ.KZ- тің Қостанай облысындағы тілшісі.
Ұлылардың мекені Торғай бүгінде қайта түлеп, тамырына қан жүгіріп жатыр.Оған соңғы жылдары қолға алынып жатқан игі бастамалар куә. Ал, осы күндері ұлт ұстазының кіндік қаны тамған қасиетті мекен жатсынбай үлкені мен кшісін бірдей бауырына басуда. Себебі, осы сәттерде Ахмет Байтұрсынұлының 150 мерейтойы дүркіреп өтіп жатыр.
Осы орайда алдағы дүйсенбі күні нақтырақ айтқанда 5 қыркүйекте ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Торғай жеріне барып, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының рухына тағзым етпек. Мемлекет басшысының бұл жолғы Қостанай облысына жасайтын іссапарының маңыздылығы туралы облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторының орынбасары Жұматай Кәкімжановтың пікірін білген едік.
Өздеріңіз көріп тұрғандай Қостанай облысына соның ішінде қасиетті мекен Торғай өңіріне осы күндері барлық халықтың назары ауып отыр. Себебі, ол жерде ұлы тұлға, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуде. Дәл қазіргі сәтте бабалар аманаты атты республикалық ақындар айтысы өтуде. Ал кешкісін Торғай ауылындағы Нұрхан Ахметбеков атындағы мәдениет сарайында «Оян қазақ» атты Ерсайын Төлеубайдың спектаклі сахналанбақ. Осындай танымдық шаралар алдағы үш күн бойы жалғасын таппақ. Ал бесінші қыркүйек күні Торғай ауылына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев келеді.
Бұл күні Ұлы ұстаздың мүзей үйі ашылып мерекелік концерттер, республикалық ғылыми конференция, ұлттық спорт көкпардан жарыс өтпек. Ал енді мемлекет басшысының бұл жолғы Қостанай жеріне жасағалы отырған сапарының маныздылығына тоқталсам. Бұл сапар бұрынғылардан маңызды деп айта аламын. Себебі, еліміз егемендік алған 30 жылдан астам уақыт ішінде талай тектілерді дүниеге әкелген Торғай жеріне алғаш рет ел Президенті барғалы отыр. Жай ғана барып қана қоймай, көптен бері Торғай жұртшылығын толғандырып жүрген мәселелерді мемлекет басшысы өз көзімен көріп, оның шешілуіне жағдай жасайды деп ойлаймын. Бұл өз кезегінде көп назардан тыс қалып келген Торғай өлкесінің тынысын ашып, экономикасын тіктеуге инвестиция тартуға бірден-бір сара жол болып отыр. Міне, мемлекет басшысының Торғайға жасайтын сапарының маңыздылығы осында.
Сонымен қатар, ұлы ұстаздың рухына тағзым жасауды жөн көрген мемлекет басшысының бұл қадамын рухани жан дүниесінің кеңдігінен де байқауға болады, - дейді Жұматай Төкенұлы.