Мәжілісте Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” бірінші оқылымда таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасы қалалардың бірыңғай сәулеттік келбетті көрінісін қалыптастыруды көздейді.
Жұманғарин қазіргі уақытта қалалардың сәулеттік келбеті тек сыртқы жарнама арқылы ғана емес маңдайшалардың да ретсіз орналасуына байланысты нашарлап бара жатқанын айтты.
Сыртқы жарнаманы жолдар мен көшелерді бояу арқылы орналастыру да қалалардың эстетикалық келбетіне теріс әсер етеді. Сонымен қатар қаланың сыртқы келбетінің нашарлауына қоғамдық орындарда аудио жарнаманың кең таралуы себеп болып отыр. Бүгінгі таңда аталған әрекеттер заң бұзушылыққа жатпайды және заңнамада ешқандай әкімшілік шаралар көзделмеген, - дейді ол.
Заң жобасында қандай өзгерістер дайындалды:
- республикалық маңызы бар қалалардың, астананың стилистикалық бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыратын дизайн-кодты, сондай-ақ стационарлық емес объектілерді орнату мен жұмыс істеуі бойынша қағидаларды бекіту;
- елордада бірыңғай дизайн-кодты енгізу және оның жалпы ережелерін айқындау;
- ғимараттардың меншік иелеріне талаптарға сәйкес емес орнатылған жарнама объектісіне демонтаж жасау жөніндегі шарттарды қолдану;
- ашық кеңістікте аудио жарнаманы таратуға тыйым салу;
- тротуарларда, веложолдарда, автожолдарда және көшелерде сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыруға тыйым салу ұсынылады.
Сонымен қатар, аталған нормаларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (455-бап) енгізу мәселесі пысықталып жатыр.