Жұлдыз Сүлейменова: Оқушылардың бастамаларын қолдауға басымдық берілуі керек

11 Қыркүйек 2026, 17:33
АВТОР
 Оқу-ағарту министрлігі 11 Қыркүйек 2026, 17:33
11 Қыркүйек 2026, 17:33
108
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова оқушылардың белсенді өкілдерімен кездесті. Кездесуде балалардың қоғамдық өмірге қатысуы, оқушы үнін есту, мектептегі өзін-өзі басқаруды дамыту және балалар бастамаларын қолдау мәселелері талқыланды.

Қатысушылар «Қазақстан оқушылар Альянсын» құру жөніндегі бастамасын таныстырды. Олардың айтуынша, жаңа алаң мектеп парламенттерінің жұмысын үйлестіруге, оқушылардың бастамаларын қолдауға және олардың пікірін мектептен бастап республикалық деңгейге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Альянсты құрудағы негізгі мақсат - мектеп парламенттерінің әлеуетін біріктіру, оқушылар арасында «Таза Қазақстан», «Адал азамат» құндылықтары мен «Оқитын ұлт» идеясын насихаттау, сондай-ақ балаларды қоғам үшін маңызды бастамаларға тарту.

Бастамашыл топтың мәліметінше, бүгінде Альянсты құру идеясын еліміздің түрлі өңірлерінен 1500-ден астам белсенді оқушы қолдайды.

Оқушының өзіне қатысты мәселелер бойынша пікір білдіруі және оның пікірінің ескерілуі - бала құқықтарын қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Осы тұрғыдан мектеп парламенттерінің балалардың ұсыныстары нақты іске асатын пәрменді алаңға айналғаны маңызды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балаларды қорғау және олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасауды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындады. Балалардың пікірін тыңдау және бастамаларын қолдау осы жұмыстың маңызды бөлігі деп санаймын. Сіздер ұсынып отырған Альянс мектеп парламенттерінің жұмысын жүйелеп, оқушылардың ортақ идеяларын ілгерілететін тиімді алаңға айнала алады. Оның аясында «Таза Қазақстан», «Адал азамат» және «Оқитын ұлт» бағыттары бойынша жобаларды қарастыруға болады деп ойлаймын, - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрлік оқушылармен тұрақты әрі ашық диалог орнату, олардың пікірін шешімдер әзірлеу кезінде ескеру және балалардың қоғамдық бастамаларын қолдау бағытындағы жұмысты жалғастырады.

Наверх