Астанада ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында өткен “Жұлдыз болғым келеді” республикалық вокалдық байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бас жүлдеге арнайы дайындалған “Дубайға жолдаманы” Түркістан облысынан келген жас талант Ерасыл Өскенбаев, Ұлытау облысынан Руслан Шолленбергер және Қостанай облысынан Никита Дерксон мен Криулько Злата жеңіп алды.
Бірінші орын Шығыс Қазақстан облысының тумасы Дружинская Наталья, Қызылорда облысынан келген Ахмадуллина Алеся және Абай облысынан Першина Анастасия мен Черепанова Евгенияға бұйырды. Барлық жәңімпаздар мен жүлдегерлерге ноутбуктер, смартфондар мен басқа да бағалы сыйлықтар берілді.
Жоба жетекшісі, Павлодар облысындағы балалар үйінің түлегі, блогер Алексей Лодочников бұл жобаның ерекшелігін түсіндірді.

Бүгінгі байқау республика бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында өткен байқау. Байқау биыл бірінші рет өткізіліп жатыр. Бұл бастаманы Оқу-ағарту министрілгі, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, El Umiti корпоративтік қорының және басқа да серіктестердің қолдауымен жүзеге асырып отырмыз. Мен әрбір келген баланың тек байқауға қатысуын ғана емес, сондай-ақ, елордаға бірінші рет келген балаларға оның әсем жерлерін көрсетіп, уақыттарын пайдалы өткізгендерін мақсат еттім, – деді ол.
2025 жылдың 20 қыркүйегінде басталған жоба Қазақстанның барлық өңірлерінен 170 баланы қамтыды. Соның ішінен еліміздің түкпір-түкпірінен 40 дарынды бала іріктелді.
Көптеген қатысушы үшін бұл – үлкен сахнадағы алғашқы қадам, елордаға алғашқы сапар, арманына жету жолындағы маңызды белес. Біз жас таланттардың қабілетін ашуға, олардың жұлдызын жарқыратып, адамдарға қуаныш сыйлауға бағытталған бастамаларды әрқашан қуана-қуана қолдауға дайынбыз, – деп атап өтті ҚР Оқу ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Ақтық сынға өткен балалар үш күн бойы (10-12 желтоқсан) инфлюенсерлермен кездесті, шешендік өнер бойынша шеберлік сбақтарынан өтті және Астананың мәдени орындарына саяхат жасады.

El Umiti корпоративтік қоры 8-18 жас аралығындағы балалар мен үстаздарға арналған әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. “Жұлдыз болғым келеді” жолбасына қолдау көрсетіп, жас таланттардың бағын ашуға үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз. Біріншіден, байқау әлеуметтік осал топтағы балалардың шығармашылық дамуына және өзін-зі танытуына тең мүмкіндіктер беруді мақсат етті. Ол өз кезегінде біздің корпоративтік қорымыздың миссиясымен сәйкес келеді, – деді El Umiti корпоративтік қорының басшысы Гүлім Джусупова.
Жоба ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, “El Umiti” корпоративтік қоры және басқа да серіктестердің қолдауымен жүзеге асты.
Вокалистердің өнерін ҚР Еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова, “Дарын” лауреаты Әлібек Әлмадиев, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Гүлнұр Оразымбетова бастаған қазылар алқасы бағалады.
Байқаудың өңірлік кезеңдері 20 қыркүйек пен 19 қараша аралығында офлайн және онлайн форматында өткен болатын.
