Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көптеген әйелді жүктілік кезінде шаш бояуға бола ма, жоқ па деген сұрақ мазалайды. Бірақ нақты жауапты таба алмай жатады. Осы сұрақ төңірегінде қазақстандық акушер-гинеколог Әйгерім Төреқұлова бірқатар кеңес берді.
Ол бұл туралы Instagram-дағы парақшасында хабарлады.
Иә, бұл сұрақ көптеген жүкті әйелді мазалайды. Әрине, әр әйел іштегі баласын жамандықтан барынша сақтап қалғысы келеді. Кейбір әйел үшін жүктілік күтпеген жаңалық болуы мүмкін. Сол себепті ол күнделікті істеп жүрген процедурасын жасар кезде екі ойлы болып қалуы мүмкін, - дейді ол.
Төреқұлова жүктілік кезінде тәуекелге барып, шаш бояуға бел буған әйелдерге маман ретінде өз кеңестерін беріп өтті.
Егер мүмкіндік болса, жүктілікті жоспарламас бұрын шашты табиғи түске дейін келтіріп алған дұрыс. Кейбір жағдайда жүктіліктің 12 аптасына дейін шаш боямау керек деп жатады. Алайда кәсіби қауымдастықтар қазіргі бояулардың химиялық құрамы іштегі нәрестеге токсиндік әрекет етпейтінін айтады. Жалпы қандай жағдай болмасын, өз мастеріңізге жүкті екеніңізді ескертіңіз. Шашты жақсы желдетілетін ғимаратта арнайы мамандарға боятқан дұрыс. Сондай-ақ бояуды аз уақыт ұстау қажет. Көбірек отырсам, түсі қаныға түседі деп отыра бермеу керек. Бұдан бөлек шашты бас терісіне тимейтіндей етіп бояп беретін түрлерін таңдаған абзал. Бояудан кейін шашты мұқият жуу керек, - деп түсіндірді акушер.
Оның сөзінше, аллергиялық әсерлер мен алдын ала сынамалар туралы ұмытпау керек. Егер аллергия пайда болса, бояуды бірден тоқтату керек. Шаштаразшыдан табиғи негіздегі бояулар туралы сұрастыру керек. Жүктілік шашыңыздың кәдімгі жағдайына, оның текстурасына әсер етуі мүмкін екенін ұмытпаған жөн.