«Лимиттер мен баға көтеру жойылсын!» Осындай талаппен Атырауда жүк көлігі жүргізушілері жанар-жағармай бағасының қымбаттауына наразылық білдірді. Кеше, 25 сәуірде елуден астам КамАЗ жүргізушісі наразылық ретінде «Аламан» базарының маңына жиналды, деп хабарлайды BAQ.KZ azh.kz сайтына сілтеме жасап.
Базар жанында екі сағат бойы жүк көліктері тізіліп тұрды.
Олардың айтуынша, соңғы 10 күнде баға біртіндеп көтеріліп, дизель отынының литрі 230 теңгеден 295 теңгеге дейін көтерілген. Жүргізушілер резиденттер үшін жанар-жағармай бойынша лимитті алып тастауды, ал шетелдіктер үшін – керісінше, лимит қоюды, сондай-ақ жанар-жағармай құю бекеттерін бақылауға алып, Түркіменстандағыдай шекарада шетелдік жүк көліктерінің жанармай құятын ыдыстарын тексеріп, оларға күніне 200 литр лимиттен асырмауды сұрады.
2022 жылғы 22 тамызда ҚР Энергетика министрлігінің бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген бөлшек саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағаларды белгілеу туралы бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде дизель отынының лимиті өңіріне қарай күніне 100 литр көлемде бір литріне 230-260 теңге (өңірге байланысты) бағамен белгіленген. Ал Қазақстан Республикасында көлік құралдарын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустар үшін бекітілген лимит 300 литр үшін тәулігіне өңіріне қарай литріне 230-260 теңге бағамен сатылып келді.
Қалған санаттағы адамдарға, сондай-ақ көрсетілген лимиттерден жоғары дизель отыны литріне 450 теңгеден босатылады.
Жүк көлігі жүргізушілерінің жиынына прокуратура, облыстық және қалалық әкімдіктердің өкілдері келді. Олар мұндай жиын ҚР заңнамасына қайшы келіп, рұқсат етілмеген митингі ретінде саралануы мүмкін екенін ескертті. Дегенмен, олар жүргізушілердің талабына құлақ асып, бұл мәселені зерделеуге уәде берді. Бұдан бөлек, әкімдік өкілдері үш күн уақыт беруді сұрап, содан кейін белсенділер қалалық әкімдікке шақырылып, сол кезде мәселенің шешімін айтатынын да алға тартқан. Екі жақтың келісімі бойынша жиын тағы екі сағатқа жалғасты. Алайда камазистер талаптары үш күн ішінде орындалмаса, қайта жиналуға сөз берді, - деп жазды «Ақ Жайық» басылымының ресми сайты.