Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жуалы ауданындағы медицина қызметкерінің шағымы бойынша жүргізілген тексеру нәтижелері жарияланды, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желілерде жарияланған Жуалы аудандық орталық ауруханасының медицина қызметкері Фарида Жанбатырованың өтініші бойынша ішкі тергеу жүргізу үшін Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасы бойынша арнайы комиссия жіберілді.
Комиссия құрамына денсаулық сақтау басқармасының, облыс әкімі аппаратының қызметкерлері және қоғам өкілдері енген. Комиссия мүшелері медицина қызметкерлерімен, медициналық мекеме ұжымымен жеке кездесулер өткізіп, сондай-ақ анонимді сауалнама жүргізді.
Комиссияның алдына айтылған барлық фактіні объективті және бейтарап түрде анықтау, емдеу мекемесі қызметкерлерінің құқықтарының бұзылуына жол бермеу бойынша нақты шаралар қабылдау міндеті қойылды.
Қызметтік тексерістің алдын ала нәтижелері бойынша Ф.Жанбатырованың кейбір дәлелдері расталды. Ұжымда жағымсыз моральдық-психологиялық жағдай қалыптасқан десек, оған ең алдымен емдеу мекемесі басшылығының өзінің кәсіби міндеттеріне жауапсыз қарауы әсер еткен. Жіберілген бұзушылықтар үшін ОАА бас дәрігері Б.Алпысбай, бас дәрігердің экономика жөніндегі орынбасары А.Байтореев қызметінен босатылатын болады. Сондай-ақ, Жуалы ауданының әкімі Н. Еркебековке сөгіс жарияланады, - делінген хабарламада.
Істің барлық материалы құқық қорғау органдарына жолданды.