Жозеп Боррель: Еуроодақ Қазақстанның бірінші сауда және инвестициялық әріптесі

25 Ақпан 2020, 12:50
2442
Бөлісу:
Жозеп Боррель: Еуроодақ Қазақстанның бірінші сауда және инвестициялық әріптесі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 наурыздан бастап Еуропалық Одақтың барлық мүше мемлекеті және Еуропалық парламент ратификациялаған Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім күшіне енеді.

Бұл 25 жылдан астам тарихы бар ЕО мен Қазақстан қарым-қатынасының маңызды кезеңін белгілейді.

Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі/Еуропалық Комиссия төрағасының орынбасары Жозеп Боррель Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері ішінде бірінші болып Еуропалық Одақпен Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанын атап өтті.

Содан бері біздің қарым-қатынасымыздың кеңдігі мен тереңдігі айтарлықтай ұлғайды. Еуропалық Одақ Қазақстанның бірінші сауда және инвестициялық әріптесі, ал Қазақстан бүгінгі таңда Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы ең ірі сауда әріптесі. Оның үстіне, біз басқаруды жетілдіру, сот әділдігін қолдау және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жетілдіру мақсатында қомақты қаражат бөлдік. Сонымен қатар, Erasmus+ бағдарламасы аясында Еуропаға оқу мен тәжірибемен танысу үшін келетін қазақстандық студенттердің саны артты. Келісімнің күшіне енуінен кейін оның климат өзгерісімен күрес саласындағы ортақ іс-әрекеттер, экологиялық таза энергия, тұрақты жаңғырту мен байланыстарды кеңейту сияқты артықшылықтарын пайдалану мүмкіндігіне ие боламыз. Біз ынтымақтастығымыздың келесі парағын ашып, жаңа көп үміт күтерлік бөлімді бастаймыз - деді ол.

2015 жылдың желтоқсан айында Келісімге қол қойылған кезден бастап, Ынтымақтастық комитеттері, Ынтымақтастық кеңестері мен кіші комитеттер отырыстарының және диалог алаңы барысындағы өзара әрекеттестік пен пікір алмасу арқылы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы екіжақты ынтымақтастық ұдайы нығайып келеді. ЕО Қазақстанның бірінші сауда әріптесі және Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің жартысынан астамын қамтамасыз еткен бірінші шетелдік инвесторы атанды.

2020 жылдың 20 қаңтарында Брюссель қаласында өткен ЕО-ҚР Ынтымақтастық Кеңесінің 17-ші отырысында Келісімнің бірқатар салада сәтті жүзеге асырылып жатқанына шолу жасалды. Олардың ішінде сауда мен кеден, қоршаған орта мен климат өзгерісі, энергетика салалары, сонымен қатар заң үстемдігі мен құқық саласындағы ынтымақтастық. Бұл екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға нық ниетімізді көрсету үшін керемет мүмкіндік болды.

 Сондықтан Келісімді заңды күшіне енгізу Қазақстан мен Еуропалық Одақтың ең маңызды басымдылығы болды. 1 наурыздан бастап осы күнге дейін Келісімнің уақытша қолданылуының аясында қамтылмаған салаларда ынтымақтастық нығайтылатын болады.

 Келісімнің толықтай жүзеге асырылуы саяси реформалар ісінде, соның ішінде сөз бостандығы мен БАҚ бостандығы, ассоциациялар мен бейбіт жиналыстар бостандығын алға тарту ісінде одан әрі ілгерлеу үшін берік негіз құрайтындығына Еуропалық Одақ сенімді. Бұған қоса, шағын және орта кәсіпорындары, жұмыспен қамту, еңбек қатынасы, энергетика, зерттеулер мен инновациялар, өндіріс, қоршаған орта мен климат өзгерісі, денсаулық сақтау, білім беру мен кәсіби дағдылану, мемлекеттік қызмет, азаматтық қоғам, туризм, адамдар арасындағы байланыстарды кеңейту және мәдениет салаларында ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жағдай жасалады.

 Жаңа он жылдықтың есігін аша отырып, Еуропалық Одақ Келісімді толық әрі тиімді жүзеге асыру жолында азаматтарымыз бен қоғамның ортақ мүддесі мен игілігі үшін Қазақстанмен бұдан да тығыз жұмыс істеуге үмітін білдіріп, дайын екендігін жеткізеді.

Өзгелердің жаңалығы