Жоспар және нәтиже. Қазақстан жыл басынан бері қалай өзгерді?

12 Шілде 2023, 20:02
4452
Бөлісу:
Жоспар және нәтиже. Қазақстан жыл басынан бері қалай өзгерді?
Фото: BAQ.KZ - архив

Бүгін Үкіметтің отырысы өтіп, онда еліміздің биылғы жарты жылда атқарылған істердің бір парасы қаралды. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі қаңтар-маусым аралығындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталып көрді.

Экономика 5 пайызға өсті

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5 пайыз болғанын айтты. Оның айтуынша, барлық негізгі салалар оң динамика көрсетіп отыр.

Алдын ала жасалған қорытынды бойынша биылғы 6 айда сыртқы сауда айналымы 8 пайызға өсіп, 55,8 миллиард долларға жеткен. Экспорт $31,6 миллиард болса, өңделген тауарлардың экспорты 3,8 пайызға өсіп, $10,2 миллиардқа жеткен.

Ал Премьер-министр Әлихан Смайылов есепті кезеңде экономиканың өсуіне тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және қызмет көрсету салалары үлес қосқанын атап өтті.

Мәселен өңдеу өнеркәсібі бойынша машина жасауда – шамамен 30%, оның ішінде автомобиль жасауда – 40%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде – 36%, электр жабдықтарын шығаруда – 35% өсім тіркелді. Жеңіл өнеркәсіп – 24%-ға, оның ішінде текстиль өндірісі – 42%-ға жуық өсті. Сонымен қатар республикада сусындар, азық-түлік, пластмасса бұйымдары, минералды өнімдер, дайын металл бұйымдары өндірісі де ұлғайды.

Жалпы 6 айдың қорытындысы бойынша барлық негізгі макрокөрсеткіштердің өсуі Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеліп отыр.

Жоспар және нәтиже. Қазақстан жыл басынан бері қалай өзгерді?

Бағаның өсуі тежелді

Үкімет басшысының мәліметінше, жартыжылдық қорытынды бойынша инфляцияның жылдық көрсеткіші 14,6 пайызға дейін төмендеді.

Біздің алдымызда осы жылы инфляцияны 2 есе төмендету міндеті тұр. Бұл біздің бәрімізден үйлесімді және жүйелі жұмыстарды талап етеді. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инфляцияны жоспарлы мәнге дейін төмендету шараларын қамтамасыз етуі қажет, - дейді Әлихан Смайылов.

Ал Ұлттық Банк болжамына сәйкес, инфляция жылдың соңына қарай 11-14 пайызға дейін баяулайды.

Азық-түлік инфляциясының тұтыну бағаларының жалпы өсуіне қосатын үлесі азайып жатыр. Әлем бойынша азық-түлік арзандап, саудадағы әріптес елдердегі инфляцияның төмендеуі ішкі инфляцияны тежеуге сеп болды. Дегенмен проинфляциялық қауіп-қатерлер ішкі факторлар тарапынан сақталып отыр. Инфляцияның баяулауы болашақта базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендету үшін жағдай жасауда. Болжамдық раунд нәтижесін негізге ала отырып, базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім қабылдау кезінде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жан-жақты қарап, төмендету қаншалықты орында екенін бағалайды, - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин.

Жоспар және нәтиже. Қазақстан жыл басынан бері қалай өзгерді?

441 мыңға тарта адам жұмысқа тұрды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жыл басында 947 мың азаматты жұмысқа орналастыруды көздейтін жұмыспен қамту картасы бекітілді.

Биылғы жарты жылда 441 мыңға тарта адам жұмысқа тартылды. Олардың ішінде жастардың үлесі 50 пайызға жуық. Жұмысқа орналасқан осы азаматтардың 79 пайызы қазіргі таңда 10 пайыздық зейнетақы аударымдарын тұрақты аударып, өздерінің тұрақты түрде жұмыс істеп жатқандарын растап отыр, - деп атап өтті министр.

Ең көп жұмыс орындары «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту», «Жасыл Қазақстан» жобалары аясында ашылып жатыр.

Бұл бағытта Ақмола, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласының жұмысы жақсы жүргізілуде, дегенмен Ұлытау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында жұмысқа тартылған азаматтардың зейнетақы төлемін аудару көрсеткіштері 40 пайыздан аспай отыр.

Жұмыспен қамтудың келесі бағыты – азаматтарды еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарына жолдау. Жартыжылдықтың қорытындысына сәйкес 124 мыңнан аса азамат аталған бос жұмыс орындарына жолданып жұмыспен қамтылды. Экономикалық қызмет түрлеріне сәйкес жұмыспен қамтылғандардың басым көпшілігі, ауыл және балық шаруашылығы, құрылыс және өндіріс, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жұмыспен қамтылып отыр. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 62 пайызы осы негізі 5 салаға тиесілі, - деді Тамара Дүйсенова.

Бұдан бөлек өңірлерде 123,7 мың кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, онда 151 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Мемлекет тарапынан субсиядияланатын жұмыс орындарын құру арқылы азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу де белсенді жүргізіліп келеді. Мәселен 1-шілдеге дейін халықтың осал тобына жататын 26 мың азамат өздерінің бірінші жұмыс орындарын тауып үлгерді.

Сонымен қатар қазіргі кезде гранттарды таратудың 2 потогы өтті. Оның нәтижесінде 5316 әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарға мемлекетттік грант берілді, олардың 40%-ы жастар. Грант алушылардың бір мысалы ретінде Ақтөбе облысының тұрғыны, 2-топ мүгедегі Бекбол Сүндетбаевты атап өтуге болады. Оның бизнес-идеясы кілем тігу цехын ашып, өзін өзі нәтижелі жұмыспен қамтып отыр.

Мемлекет басышысының тапсырмасына сәйкес жастарға шағын несие беру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда 4244 өтінім қабылданып, олардың ішінде 1228 адамға 5,4 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді, - деді министр.

Жоспар және нәтиже. Қазақстан жыл басынан бері қалай өзгерді?

Биыл 146 мектеп ашылады

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, осы жылы 130 мың балаға арналған тағы 146 мектеп ашу жоспарланып отыр. Бір айта кететін жайт, оның 62-сі сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен салынбақ.

Сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. Оның аясында 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыны қамтитын жаңа форматтағы 369 мектеп салынбақ. Ондағы басты мақсат – оқушы саны тым көп сыныптар, апаттық мектептер және 3 ауысыммен оқыту мәселесін түпкілікті шешу.

Жер учаскелерінің дайындығы бойынша құрылыс жұмыстарын дереу аяқтау қажет. Бұл инфрақұрылым, жолдар және абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қатысты. Әр өңір бойынша тиісті жол карталары дайын, осы мәселелердің барлығын жедел шешу қажет. Тапсыру кезінде жаңа мектептер сапалы интернет байланысына қосылуы тиіс, - дейді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

Жайлы мектептерді салу бір бөлек, онда еңбек ететін білікті мұғалімдерді даярлау бір бөлек. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, алдағы жылдары жақсартылған стандарттар бойынша жаңа формациядағы 49 мың педагог даярлау жоспарланып отыр.

Жоспар және нәтиже. Қазақстан жыл басынан бері қалай өзгерді?

Көктемгі егіс жұмыстары сәтті аяқталды

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің мәліметінше, биылғы көктемгі егіс жұмыстары барлық өңірлерде оңтайлы агромерзімде сәтті аяқталды. Суармалы егіншілікті дамытуға ерекше назар аударылады, өйткені ол су тапшылығы циклінің жалғасуы және жаһандық климаттың өзгеруі жағдайында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығы өндірісінде маңызды рөл атқарады.

Мәселен облыстағы әкімдіктердің деректері бойынша биыл 1,58 млн га суармалы жер өңделеді. Былтырғы алынған су көлеміне сүйенетін болсақ, 1,58 млн га жерді суару үшін 11,4 млрд текше метр су қажет болса, оның негізгі үлесі күріш және азықтық дақылдарды суаруға пайдаланылады.

Сондай-ақ 1 млн 126 мың га немесе жерлердің 71 пайызы жерүсті әдісімен суарылады, 97,9 мың га – күріш алқаптарын су жаю арқылы, 278,6 мың га алаңда немесе 17,6 пайызында заманауи тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері пайдаланылады.

Ауыл шаруашылығы министрі су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстарға тоқталды. Біріншіден, инвестициялық субсидиялау шеңберінде фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру жөніндегі негізгі инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50 пайызы өтеледі.

Екіншіден, Қазақстанда жобаларды өз қаражаты есебінен іске асыру мүмкіндігі бар инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен израилдік «METZERPLAS» компаниясы осы күзде тамшылатып суаруға арналған құбырлар шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қытайдың VODAR компаниясы мен түріктің AFKO компаниясы жаңбырлатқыш машиналар шығаратын зауыттар ашуды жоспарлап отыр.

Үшіншіден, су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау жүзеге асырылады, мұнда бір текше метр суға бөлінетін субсидиялардың мөлшері тарифтердің пайыздық қатынасына қарай 50%-дан 85%-ға дейін сараланған түрде белгіленеді.

Жоспар және нәтиже. Қазақстан жыл басынан бері қалай өзгерді?

Су, жылу және тариф

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың ақпаратынша, бүгінгі таңда республикада 128 мың км-ге жуық жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілері бар. Олардың жалпы тозуы 51 пайызды құрайды, ал алдағы жылдары бұл көрсеткішті 40 пайызға дейін төмендету міндеті тұр. Коммуналдық желілердің ең қатты тозуы Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ұлытау облыстарында сақталып отыр.

Биыл 126 км жылу желілерін жаңғыртуға 86 млрд 300 млн теңге бөлінді. 3 айда 23 км – жалпы жоспардың 18 пайызы салынды. Жалпы алдағы жылыту маусымына дайындық аясында 57 жоба іске асыру сатысында тұр.

Сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін салуға және реконструкциялауға биыл республикалық бюджеттен 280 млрд теңге бөлінді. Бүгінде 402 жоба іске асыру сатысында тұр. Осы жылдың соңына қарай орталықтандырылған сумен тағы 120 ауылдық елді мекен және 4 қала қамтамасыз етіледі (қолжетімділік 100 пайызға дейін көтерілмек).

Үкімет басшысының айтуынша, барлық инфрақұрылым объектісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ауқымды инвестиция қажет, себебі олардың көпшілігі өткен ғасырдың ортасынан бері жұмыс істеп келеді.

«Тіршілікке қажетті жүйелерді тиімді жаңғырту және күрделі жөндеу үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы ұсынылды. Бұл тәсіл энергия ұйымдарының қолданыстағы активтерін қайта жаңғыртуға және кеңейтуге, энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және жабдықтардың тозуын азайтуға мүмкіндік береді, - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, биыл тұрғындар үшін тарифтер 10 пайыздан 30 пайызға дейін өседі. Бұл – барынша ұстамды тариф, онсыз коммуналдық инфрақұрылымның сапалы жұмысын қамтамасыз ету мүмкін емес.

Үкімет басшысы станциялар, коммуналдық кәсіпорындар іс жүзінде 3 жылдан астам уақыт бойы табыссыз жұмыс істеп келетінін, сондықтан жөндеу жұмыстарына қаражат салынбағанына тоқталды. Қаражат салынса да, ол қарыз алу арқылы немесе мемлекет есебінен жүзеге асырылды.

Ал энергия объектілерін жөндеу құны ондаған есеге қымбаттап кетті. Металл мен құбырлардың, арматура мен электротехникалық бұйымдардың және басқа да жабдықтардың бағасы айтарлықтай өсті. Жалақының төмен болуына байланысты энергетика саласынан білікті мамандар жаппай кете бастады. Бұл ретте кәсіпорындар оларға тиімді жұмыс жағдайын ұсына алмады.

Тарифтердің өсуі аз қамтылған отбасылардың табысына әсер етпейді. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен аз қамтылған отбасыларға коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін тұрғын үй көмегі берілуде. Ол коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыстар отбасының ай сайынғы орташа жиынтық табысының 10 пайызынан асып кеткен жағдайда төленеді, - деді Үкімет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы