ЖОО-ның академиялық дербестігі 85%-ға жетті

11 Қараша 2020, 19:54
2097
Бөлісу:
ЖОО-ның академиялық дербестігі 85%-ға жетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов, БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев және БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова жоғары білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен жоғары білім беру сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.   

Мирас Дәуленов атап өткендей, қазіргі уақытта Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде 128 ЖОО бар. Олардың ішінде 56 мемлекеттік, 72 жекеменшік ЖОО.  

«100 нақты қадам» ұлт жоспарының 78-қадамын орындау мақсатында 2018 жылғы 4 шілдеде заң қабылданды, оның шеңберінде жоғары оқу орындарына мына бағыттарда дербестік берілді: 

  1. МЖМБС-дан төмен емес білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтау; 

  2. оқытушыларға қойылатын біліктілік талаптарын айқындау; 

  3. оқу жүктемесінің дербес әзірленген нормалары, еңбекке ақы төлеу формалары мен мөлшерлерінің негізінде білім беру қызметін жүзеге асыру; 

  4. білім алушыларды қабылдау, ауыстыру және қайта қабылдау қағидаларын әзірлеу және бекіту; 

  5. кәсіптік практиканы ұйымдастыру және өткізу қағидаларын және практика базалары ретінде ұйымдарды айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту. 

Бұдан өзге жоғары оқу орындарына шет елдерде филиалдар құру, эндаумент-қорлар құру, стартап-компаниялар ашу, сондай-ақ, жарғылық қызметті жүзеге асыру үшін қосымша қаржы және материалдық қаражат көздерін тарту құқығы берілді.

Соның нәтижесінде, ЖОО-ның академиялық дербестігі 85%-ға жетті, ал білім беру бағдарламаларының тізіліміне ЖОО-лар дербес әзірлеген 9 999 білім беру бағдарламасы енгізілді. Экономика мен адами капиталды дамытудың серпінді өзгермелі жағдайлары жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін одан әрі кеңейтуді талап етеді.  

Осыған байланысты, Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов осы жылдың тамыз айында Жоғары білім беруді дамытудың дағдарысқа қарсы жоспарын жариялады.  

Жоспарда ЖОО-ның академиялық дербестігін одан әрі кеңейтудің 3 негізгі қадамы қарастырылған:  

Академиялық еркіндікті кеңейту бойынша 5 нақты шара; 

Пандемия жағдайындағы 6 шұғыл шешім; 

ЖОО-ны 4 санат бойынша саралау. 

1 қадам мыналарды қарастырады: 

Пәндердің бір бөлігін қашықтан оқыту форматына көшіре отырып, аралас оқыту формасын енгізу; 

Осы пәндердің мазмұнын анықтамай, ЖБП пәндері бойынша оқыту нәтижелерін ғана регламенттеу (тақырыптарды қалыптастыру ЖОО-ның құзыретінде); 

ОЖСБ-ны алып тастау, себебі ОЖСБ білім беру бағдарламаларының сапасын бағалау бойынша өз функцияларын орындамайды; 

Докторлық зерттеу жүргізу кезеңдерінен регламенттерді алып тастау және ЖОО-ларға докторлық бағдарламалар бойынша академиялық саясатты айқындауда дербестік беру;

«Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Телекоммуникация», «Қаржы және бухгалтерлік есеп», «Журналистика және ақпарат», «Қызмет көрсету саласы (мейрамхана ісі, туризм)», «Көлік қызметтері», «Стандарттау, сертификаттау және метрология» сияқты бағыттар бойынша және басқа да ғылымды қажет етпейтін бағыттар бойынша дәрежелілік, штат және «базалық білім беру» талаптарын жою.

Аталған шараларды іске асыру «Білім туралы» заңға өзгерістер енгізуді талап етеді. Министрлік тиісті түзетулерді ұсынды.  

2 қадамды іске асыру аясында: 

Оқу құны мен грант құнының арақатынасы туралы талап алынып тасталды; 

ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету туралы талап нақтыланды; 

Жоғары оқу орындарының есептілігі қысқартылды, атап айтқанда студенттердің, магистранттардың және докторанттардың сынақ кітапшалары алынып тасталды, комиссиялардың хаттамалары, оқытушылардың әр айға/жылға оқу уақытын есепке алу тізімдемелері, кафедраның жұмыс жоспары, МАК отырыстарының хаттамалары және т. б. алынып тасталды, бұлар оқытушылардың жұмысын қағаз жүктемемен қиындатады. Мұның бәрі электронды түрде жүргізілуі мүмкін, ал университет формаларды өз бетінше дербес әзірлейді. 

Жоғары білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы жобасының бір бөлігі ретінде ЖОО-ны 4 санат бойынша (халықаралық, ұлттық, өңірлік, салалық деңгейлерде) саралау 8 қазанда ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі кеңестің отырысында ұсынылды. 

Жоғары оқу орындарын саралау үшін қажетті негізгі өлшемдер:  

а) халықаралық аккредиттеу;  

б) түлектерді жұмысқа орналастыру деңгейі;  

в) ғылымды дамытуға қосқан үлесі; 

г) түлектердің елді, аймақты және саланы дамытуға қосқан үлесі;  

д) оқытушылардың жалақы деңгейі. 

Жоғары оқу орындарын саралау тетігі көзделген: 

1) олардың көрсетілген өлшемшарттарға толық сәйкестігі бойынша және 

2) әкімдіктің, ірі компаниялардың кепілгерлігімен өлшемшарттарға ішінара сәйкестігі бойынша.

Өзгелердің жаңалығы