Алматы облысы Байтерек ауылының тұрғындары карьер осылай қазыла берсе, жол опырылып, қайғылы жағдай орын алуы мүмкін екендігін айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Каменистая көшесінің тұрғындары әлеуметтік желілерде аталған мәселеге қатысты шағымдарын жариялаған. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, кәсіпорын карьерден құмды-гравий қоспасын өндіріп жатқан көрінеді.


Аталған жағдайға қатысты Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
"ХанЭлитСтрой" ЖШС Байтерек ауылындағы кен орнынан құмды-гравий қоспасын өндіріп жатыр. Еңбекшіқазақ ауданы әкімішілігінің тапсырмасымен жергілікті кәсіпкерлік бөлімінің, аудан әкімдігінің және полиция өкілдерінен тұратын жұмыс тобы оқиға орнына дереу жетті. Тексеру жүргізіліп, кәсіпорын басшылығымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жер қазу жұмыстарының шекаралары анықталғанға дейін карьердің жұмысы уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар, әкімшілік оқиға орнында кезекшілік ұйымдастырып, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын өткізді, - деді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.