Наурыз мейрамы жақындаған сайын қала тұрғындары мейрамға дайындықты күшейтіп, базарлар мен сауда орталықтарына ағылып, қаладан шығып кетуге асығады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл – жыл сайын қайталанатын құбылыс. Sergek ITS сарапшылары Астана мен Алматыда жол қозғалысы 20 наурызда күрт өсетінін болжады. Өткен жылғы мәліметтерге сүйенсек, осы күні жолдардағы кептеліс орта есеппен 20-36%-ға артады.
Астанадағы басты кептеліс нүктелері қандай?
Таңертең Бөгенбай батыр, Тілендиев, Тұран даңғылдарында көлік қозғалысы 5-13%-ға баяулаған. Кешке қарай Қабанбай батыр, Қорғалжын тас жолы, Абылай хан сияқты негізгі бағыттардағы жылдамдық 10-15%-ға төмендеген.
Алматыдағы жағдай одан да ауыр
2024 жылы 20 наурызда көлік ағыны ВОАД (солтүстік) бағытында 36%-ға, Әл-Фараби даңғылында 31%-ға артқан.
Қала ішінде көлік қозғалысы біркелкі таралғанымен, жеке көліктегі жолаушыларға көбірек уақыт жұмсауға тура келді.
Шешім қандай?
– Қоғамдық көлікті пайдалану – бұл жеке көлік иелерінің жүйкесін сақтайды, қаладағы қозғалысты жеңілдетеді.
– Жолға қосымша уақыт жоспарлау – мерекелік кештерге, қонаққа баратын болсаңыз, кем дегенде 20% артық уақыт қарастырыңыз.
– Жақын маңдағы демалыс орындарын таңдау – қала ішінде немесе үй маңында мерекені атап өту көлік қозғалысына түсер жүктемені азайтады.