Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, Ph.D Алуа Жолдыбалина ҚР Президентінің өз өкілеттігінен бас тарту туралы шешімін тағдыршешті мәселе деп бағалайды.
«Президенттік өкілеттікті тоқтату туралы Елбасының мәлімдемесі тағдыршешті, маңызды, тарихи кезеңнің қорытындыларын жасап, ел дамуында сабақтастық принципі негізінде Президент бастамаларын жалғастырып, жаңа міндеттер мен мақсаттарды айқындау қажет», - дейді ол.
Оның айтуына қарағанда, табысты мемлекет құру жолында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегін айрықша атап өту керек дейді.
«Бүгінгі Қазақстан ие болған жетістіктер Елбасының дана және көреген саясатының нәтижесі бола тұра, жаңа мемлекеттің негізі қаланып, еліміздің құқықтық тұрғыдан халықаралық мойындалуын қамтамасыз етті. Табысты мемлекет құру жолында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі мен еліміздің саяси-экономикалық жетістіктерін молынан атап өтуге болады», - дейді Алуа Жолдыбалина.
Ең бастысы – біртұтас ұлттың – Қазақстан халқының қалыптасуы, бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім.
«Елбасы басқаруы кезеңінде нарықтық жүйеге бет бұрып, жекешелендіру жүргізілді, инвестициялар тартылып, шет елдермен өзара сауда қатынастары жақсы жолға қойылды. Ұлттық валюта қолданысқа еніп, дербес қаржы жүйесі құрылып, жеке кәсіпкерлік қарқынды дамыды. Бұл тәуелсіз ел үшін бұрын-соңды болмаған биік жетістіктер мен нәтижелер, сол себепті, ұлт пен ұлыс Елбасыға қашан да қолдау көрсетеді. Мемлекет мәртебесінің айқындалуына, елдің болашақ бағытын белгілеп, даңғыл жолға сала алатын көшбасшының рөлі айрықша болып қала береді», - дейді ол.