Жолдауда білім саласына қатысты өзекті проблемалар көтерілді

3 Қыркүйек 2020, 10:21
3708
Бөлісу:
Жолдауда білім саласына қатысты өзекті проблемалар көтерілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент Жолдауы - еліміз үшін жыл сайын басшылыққа алынатын басты құжат. Бұл туралы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультеті Саясаттану кафедрасының доценті, саяси ғылымдар кандидаты Меруерт Түлебаева айтты.

Қазақстан Республикасы Конституциясы 44-бабының 1-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына елдегі жағдай мен республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайды. Президент Жолдауы өз жаңалықтарымен, құнды идеяларымен, еліміздің жаңғыруына, өркендеуіне негіз болатын салмақты тұжырымдармен ерекшеленеді. Президент Жолдауы - еліміз үшін жыл сайын басшылыққа алынатын басты құжат, - дейді Меруерт Түлебаева.

Президенттің биылғы Жолдауының негізгі мәні мемлекеттік қызметтің барлық саласын қамти отырып, тәуелсіз Қазақстанымызды дамытудың, әрбір қазақстандықтың, отбасының, жастардың және келешек ұрпақтың мүддесін қорғаудың нақты жолдарын ұсынды.  

Президент әлемді әбігерге салған пандемия кезінде айқын көрініс тапқан  еліміздегі өзекті мәселелердің бәрін көтере білді. Жолдауда айтылған біздің салаға қатысты негізгі ойларға тоқталсам: келесі жылдан бастап тұрғын үй алу, емделу мен білім алу мақсатында азаматтар зейнетақы қорындағы қаржысын пайдалана алады, - деді ол.

Меруерт Түлебаева Жолдауда білім саласына қатысты өте өзекті проблемалардың көтерілуі қатты қуантатынын айтты.

2021 жылдан бастап мұғалімдер жалақысы 25%-ға өседі. Сондай-ақ қашықтан оқытудан біртіндеп дәстүрлі оқуға көшуді қарастыру,  бірыңғай онлайн оқу форматын жетілдіру, елімізде жас ғалымдарды қолдау мақсатында ғылыми жобаларға гранттық қаржыландыруды  арттыру мәселелеріне басты назар аударылады. Біздің ЖОО  Президенттің білімнің сапасын жоғарылату және қолжетімділігін кеңейту үшін білімді қолдайтын жаңа қаржы-экономикалық құралдарды ендіру, жоғары оқу орындарының инновациялық қызметке ауысу тетігін қалыптастыру қажет деген пікірін қолдайды. Жолдауда білім саласына қатысты өте өзекті проблемалардың көтерілуі қатты қуантады, - деді доцент.

Жолдаудағы тұжырымдар мемлекетіміздің дамуы үшін қажеттіліктерден пайда болған, әрі олардың жүзеге асырылу мүмкіндіктері мен тетіктері жан-жақты қарастырылған аса маңызды құжат. Ендігі мәселе әрбір қазақстандық осы Жолдауда белгіленген бағдарламаларды іске асыруға өз үлесін қосуы қажет екенін айтты ол.

Өзгелердің жаңалығы