Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бір жыл бұрынғы Қазақстан халқына Жолдауында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен оларға сапалы білім беруде Оқу-ағарту министрлігіне бірқатар тапсырма берген болатын. Президенттің қандай тапсырмасы бір жылдың ішінде жүзеге асты. BAQ.KZ тілшісі шолу жасап көрді.
№1 – Қолдау мен қорғау
Айтылды:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына пәрменді көмек бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.
Орындалды:
1) Оқу-ағарту министрлігі зорлық-зомбылыққа, қатыгездікпен қарауға, буллингке ұшыраған кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ олардың көзінше жеке адамға қарсы құқық бұзушылықтар жасалған кәмелетке толмағандарға көмек көрсету бағдарламасын әзірледі, оған балаларға көмек көрсету алгоритмі, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қажеттіліктерін бағалау негізінде көзделген көмек түрлерінің кешені (медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік, құқықтық) кіреді.
2) Психологиялық көмек көрсетудің ерекшеліктерін ескере отырып, зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе куә болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленді.
№2 - «Цифрлық мұғалім»
Айтылды:
Президент әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға арналған «Цифрлық мұғалім» жобасын іске асыруды тапсырды.
Орындалды:
- білім беру ұйымдарында 2024 жылдың қыркүйегінде «Цифрлық мұғалім» жаңа жобасы басталады;
- бұл жоба әлеуметтік осал топтардан шыққан оқушыларға қорытынды емтихандарға дайындалуда қолдау көрсетуге бағытталған;
- оқушыларға цифрлық оқу материалдары мен қосымша сабақтарға қолжетімділік беріледі;
- осы мақсатта әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға арналған «Цифрлық мұғалім» жобасын іске асыру бойынша Жол картасы әзірленді;
- жоба бойынша ел аумағында 2000-ге жуық оқушы қамтылады.
№3 - Балабақша
Айтылды:
Мемлекет басшысы 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөнінде шаралар кешенін қабылдауды тапсырды.
Орындалды:
- мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында биылдың басынан бері 27 мыңға жуық жаңа орын ашылды;
- мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалардың ата-аналарына арналған консультациялық пункттер желісі кеңейтілуде, 2024 жылдың соңына дейін олардың саны 5000-ға жетеді;
- мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш мектептің жұмысындағы сабақтастықты қамтамасыз ету мақсатында баланың жеке даму картасы цифрлық форматқа көшірілді және бастауыш сынып мұғалімдеріне ҰБДҚ базасында қолжетімді болады.
№4 – Мектептерді жаңғырту
Айтылды:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын қалалардағы, аудан орталықтары мен ауылдардағы мектептерді жыл сайын жаңғыртуды (күрделі және ағымдағы жөндеу, кітапханалар, асханалар, жиһаз, қауіпсіздік мәселесі) тапсырды.
Орындалды:
Шағын қалаларда, аудан орталықтарында және еліміздің 17 өңірінің ауылдарында орналасқан 1000 мектепті жаңғыртуға жергілікті бюджеттен 68 млрд. теңге бөлінді. Онда 367 мыңға жуық оқушы оқиды.
Шағын қалалар мен ауылдардың 1000 мектебін жаңғырту келесі бағыттар бойынша жоспарлануда:
- 706 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары;
- 526 мектепті пәндік кабинеттермен жарақтандыру;
- 537 мектепте мектеп жиһазын жаңарту;
- 442 мектептегі асханаларды жаңғырту;
- 670 мектепте кітапханаларды жаңарту;
- 420 мектепте қауіпсіздік шарттарын арттыру.
№5 – Оқу материалдарын цифрландыру
Айтылды:
Президент пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу, қажетті оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіруді тапсырды.
Орындалды:
Бүгінгі таңда мектеп оқулықтарының 95,5%-ы цифрлық форматқа ауыстырылды. Олар мемлекеттік сараптамадан өтіп, оқу-әдістемелік кешендер тізіміне енгізілді. Сандық форматтағы оқулықтар еліміздегі 13 баспаның 11 платформасында қол жетімді.
Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысында 2023 жылы 1507 пәндік кабинет сатып алынып, жоспардың орындалуы 100%-ға жетті.
2024 жылы еліміздің 700-ден астам мектебінде 1206 заманауи робототехника, химия, биология, физика, STEM пәндік кабинеттерін ашу жоспарланған.
№6 – Тәрбиешелердің жалақысы
Айтылды:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектепке дейінгі білім беру жүйесінің кадрлық әлеуетін оларды даярлау, біліктілігін арттыру және аттестаттау, әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын арттыру жүйесін жетілдіру жолымен күшейтуді тапсырды.
Орындалды:
- Білім берудің барлық деңгейлеріндегі педагогтердің біліктілік деңгейіне, құзыретіне, мазмұнына, сапасына және еңбек жағдайларына қойылатын негізгі талаптарды айқындайтын «Педагог» кәсіптік стандарты қабылданды.
- Былтырдың 1 қыркүйегінен бастап педагогтердің жалақысы 30%-ға өсті.
23 784 педагог аттестаттау қорытындысы бойынша біліктілік деңгейі үшін қосымша ақы алады.
- 2023 жылдан бастап курстарды өту мерзімі 5 жылдан 3 жылға қысқартылды.
- 20 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Кадрларды даярлау және біліктілікті арттыру курстарының білім беру бағдарламалары жаңартылды.