Жолдау шағын және орта кәсіп өкілдерінің сұранысына жауап болды - депутат

2 Қыркүйек 2024, 19:40
2281
Бөлісу:
Жолдау  шағын және орта кәсіп өкілдерінің сұранысына жауап болды - депутат
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай Мемлекет басшысының жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жолдауды халық аса ыждаһаттылықпен тыңдады. Өйткені біздің басты бағыт-бағдарды нақтылайтын маңызды құжаттардың бірі деп айтуға болады. Шынымен де күні кеше біз өңірлердің барлығын аралап, сайлаушылармен, халықпен кездесіп қайттық. Өзім Астана қаласында шағын және орта кәсіп иелерімен кездесу өткіздім. Дәл осы Салық кодексі аса күрделі мәселе ретінде көтерілген болатын. Өйткені кәсіпкерлер Салық кодексінің жобасымен танысып, әлі де шикі тұстары бар екенін айтқан еді. Өздерінің ашық хаттарын даярлап, осы Салық кодексін реттеп, қалдыру туралы бастама көтеру ниетін білдірді. Сондықтан дәл осы жолдау сол шағын және орта кәсіп өкілдерінің сұранысына жауап болды деуге толық негіз бар. Бір жылдың ішінде толық құжатты кәсіпкерлердің өзімен бірлесе отыра талқылап, барынша жұмыс істейтін құжатқа айналдыруымыз қажет. Аса маңызды шешім болды, - деді Сенат депутаты.

Бибігүл Жексенбай Президенттің МӘМС жұмысына қатысты пікірін қолдап, халықтың өзекті мәселесін тоқталып өтті.

Халықтан түсетін шағымдардың басым көпшілігі МӘМС жұмысына қатысты. Астана қаласындағы кездесуімізде осы мәселе қаралған болатын. Жекелеген адамдардан түсетін жарнаның төмендеп кеткендігі айтылды. Бұл нені білдіреді? МӘМС саласына халықтың сенімі барынша азайып бара жатқандығы айтылды. Сондықтан негізгі мақсат - осы МӘМС жұмысын ашық ету, әр тиынның дұрыс пайдалануына мүмкіндік жасау. Осы жұмыстың жақсы атқарылуын қатаң қадағалау қажет. Қордың жұмыс істеуін қадағалайтын болсақ, халықтың профилактикалық медициналық көмекті көбірек пайдалануына мүмкіндік ашылады, - деді ол.

Сенат депутаты қоғамдағы өзекті мәселе - АЭС жайлы ақпараттық қолдауды көбейту қажеттігін, болашақта электр тапшылығы сезілуі мүмкін екенін айтты.

Мен депутат болмай тұрып, осыдан екі жыл бұрын Түркиядағы “Ақ қою” АЭС барып қайтқан едім. Сол кезде халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарған. Өндірістің көлемі артып, салықтың көбеюі, халықтың әл-ауқаты жақсарғанын байқауға болады. АЭС салынғанға дейін де елдің экономикасына серпін бермек. Бұл тақырып елімізде бірінші рет талқыланып жатқан жоқ. Себебі болашақта электр тапшылығы сезілетіндігі айтылып келеді. Қазіргі уақытта судың өзін көрші мемлекеттерден алып отырғандықтан, болашақта электр мәселесін шеше алмауымыз мүмкін. “АЭС қажет пе?” деген сұрақтың өзі негізсіз деп ойлаймын. Жақында ғана АЭС жайлы көрмені аралап қайттым, артықшылығына көз жеткізіп, әр мемлекеттің жұмысымен таныстым. АЭС жайлы ақпараттар мен насихат жұмысын көбейтуіміз қажет, - деді Бибігүл Жексенбай.

Өзгелердің жаңалығы