Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылы 15 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 2096 адам қаза тапты, жарақат алғандардың саны – 20445 адам.
Бұл туралы Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы бас директоры Замир Сағынов айтты.
Дүниежүзілік банктің шақыртуымен Оңтүстік Корея елінде іссапарда болып қайттық. Бұл елдің жол қауіпсіздігі саласындағы тәжірибесімен таныстым. Мемлекет кешенді жұмыстар арқылы жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болған адамдардың санын азайта алған. Мәселен, оларда 1991 жылы жол-көлік оқиғаларынан қаза болғандардың саны 13 429 адам болса, 2004 жылы бұл көрсеткіш екі есе қысқарып, 6 563-ке жеткен. Ал 2018 жылы қайтыс болғандардың саны 3781 адам болған. Бұл дегеніңіз Оңтүстік Кореяда жол апатынан қайтыс болған адамдар саны 100 мың тұрғынға шаққанда 7 адам деген сөз. Біздің елде де жол апатынан қайтыс болғандардың саны азайып келеді, 2018 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш – 11,5 құрады. Айта кетейік, Еуропа елдеріндегі көрсеткіш 5,5 тең және олар оны 0 дейін түсіреміз деп отыр. Демек бұл бағытта жұмыстарды әлі жақсарту қажет, - дейді Замир Сағынов.
Оның айтуынша, жолдардағы рұқсат етілетін жылдамдықты азайту арқылы да жақсы нәтижелерге жетуге болады. Мысалы, жылдамдықты 10%-ға азайтсақ, жол апатынан қайтыс болатындардың санын 50%-ға кемітуге мүмкіндік бар.
Бізде жолдағы көліктердің рұқсат етілген жылдамдығы тым жоғары. Ал Кореяда республикалық жолдарда 100-ден аспайды, елді мекендерде 60 шақырымнан асырмауы тиіс. Бізде осы жылдамдықтың салдарынан жол-көлік оқиғалары көп. 2018 жылы 15 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 2096 адам қаза тапты, жарақат алғандардың саны – 20445 адам. Көптеген елдерде, мысалы Бангладеште ондай статистика жоқ. Бізде әйтеуір статистика, оған да шүкір дейміз. Енді тапсырма осыны жүйелеу керек. Былтырғы жылғы жол-көлік оқиғаларының 45%-ы жолаушы өтетін тұста болған, - дейді орталық басшысы.