Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 20-21 желтоқсаны аралығында Жамбыл облысы аумағында "Жолда қабылдау" және "Аулада қабылдау" республикалық акциялары өткізілді, деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қабылдау полицияның он екі фронт-офисінде, модульдік үлгідегі екі стационарлық полиция бекетінде және жиырма учаскелік полиция пункттерінде өткізілді.
Шараның алғашқы күні полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі М.Смайылов, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Р.Әшкеев, көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі А.Турдалиев және қалалық, аудандық бөлім бастықтары мен әкімшілік полиция, жергілікті полиция қызметінің бөлімше басшылары тұрғындарды қабылдады.
Полиция қызметкерлері қабылдау барысында тұрғындарға әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл төлеу, көлікті тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру, көлік құралдарын қайта жабдықтау, жол белгілерін орнату, азаматтыққа және уақытша тұруға рұқсат алу, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларды тіркеу, жол-патрульдік қызметі мәселелері бойынша сұрақтарға түсініктеме берді.
Акция кезінде Тараз қаласы бойынша бірінші күні 287 адам, аудандарда – 693 адам өтініш білдірсе, оның ішінде кейбір тұрғындар бірнеше мәселемен шағымданған. Жалпы алғанда, Жамбыл облысының тұрғындарынан "Жолдағы қабылдау" акциясы аясында барлығы 1300 өтініш келіп түскен. Ал "Ауладағы қабылдау" бойынша 476 өтініш түсіп, барлығына сол жерде түсініктемелер беріліп, шешімдері табылған, - делінген хабарламада.