Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы» нысанының әуежайға апаратын жол учаскесінде қайта жаңарту жұмыстары аяқталды, деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.
Автожолдың жаңа учаскесі І-техникалық санатқа жатады. Жоба бойынша жоспарланған 8 қозғалыс жолағының 4 жолағы пайдалануға берілді. Өзге 4 жолақтың құрылысы ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Учаскенің құрылысы барысында жоғары беріктілікпен ерекшеленетін шақпақтасты-мастикалық асфальтбетон қолданылды.
"Жалпы ұзындығы 34,4 шақырымды құрайтын «Астана қаласы айналма жолы» жобасын жүзеге асыру елорданың көлік жүйесінің жүктемесін азайтады, жолаушылардың уақытын үнемдейді және Нұр-Сұлтан қаласындағы экологиялық жағдайға да игі әсерін тигізеді", - делінген Ұлттық компанияның хабарламасында.
Нысандағы жұмыстардың толық аяқталуы 2020 жылға жоспарланған.