Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы республикалық маңызы бар жөнделген жолдардан 5 мыңнан астам ақау табылған. Алайда, жергілікті әкімдіктер салынған тасжолдардың сапасын сараптамадан өткізуге қаржы аз бөліп отыр.
Бұл туралы "Жол активтері ұлттық сапа орталығы" РМК бас директорының орынбасары Дархан Сақанов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте мәлімдеді.
"Жол активтері ұлттық сапа орталығының" 14 облыспен республикалық маңыздағы 3 қаладағы филиалдары жолға қатысты жобалар бойынша жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуде. Осыған сәйкес 2019 жылы жалпыға ортақ жолдарға 8 мыңнан астам тексеруге шығып, 12 мың астам құрылыс материалдарына зертханалық тексерулер жүргізіліп, 5 мыңнан астам ақау анықталып отыр, - дейді Дархан Сақанов.
Оның айтуынша, жергілікті жолдардың сапасына сараптама жасау қызметі бойынша жергілікті атқару органдарымен 15 келісімшарт жасалып, нәтижесінде 424 млн теңгеге тиісті жұмыс түрлері жасалды. Айта кетерлігі Нұр-Сұлтан қаласы және Қызылорда облысымен мұндай келісім жасалмаған.
Тағы бір тоқталарлық мәселе әкімдіктер тарапынан қаржы аз бөлініп отыр. 10 млн теңгеге дейін қаржы бөлген өңірлерді атап кетсек, Павлодар облысы (4 мың шақырым) 3 млн, Қостанай облысы (8 мың шақырым) 6,3 млн, Маңғыстау облысы (1,5 мың шақырым) - 10 млн, Ақтөбе облысы (5 мың шақырым) 5 млн тенге. Павлодар, Жамбыл, Атырау және Қостанай облыстарында материалдардың сапасын сараптау жұмыстары бойынша қаржы бөлу мәселесі жергілікті мәслихаттарға шығарылмаған. Осыған ұқсас жағдай Нұр-Сұлтан қаласы бойынша орын алып отыр, яғни нысандарды толықтай тексеруге қаржы жеткіліксіз, - деп мәлімдеді Жол активтері ұлттық сапа орталығының өкілі.
Бәрінен бұрын, туындаған мәселені шешу үшін Үкімет тапсырмасы бірнеше рет айтылған екен.
Жергілікті жолдар мен көшелердің сапасына сараптама жүргізу бойынша қаржы республикалық бюджеттен бөлінуі тиіс. Яғни, автомобиль жолдарына жауапты мекемемен ортақ бір келісім жасалғаны дұрыс. Алайда, бүгінгі күнге дейін бұл мәселе шешімін тапқан жоқ, - деп атап өтті спикер.
Оның сөзіне сүйенсек, 2019 жылдың нәтижелерін сараптай келе, Ақмола, Қостанай, Шығыс және Батыс Қазақстан Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының көшелерінде асфальт-бетон жамылғысы қалыңдықтары мен тығыздықтарының сәйкес келмеуі, суға қанығу мөлшерінің рұқсат етілген деңгейден асып кетуі сияқты өрескел бұзушылықтар анықталған.
Сапа орталығының қызметі нәтижесінде 700 млн теңгеден астам сомаға құрылыс жұмыстары қайта жасалды. Жергілікті желідегі жолдардағы анықталған бұзушылықтар туралы ақпарат Мемлекеттік сәулет – құрылыс басқармасына жіберіліп, нәтижесінде жалпы сомасы 1,5 млн теңге әкімшілік жауапкершілікке мердігер, жобалаушы және техникалық қадағалау қызметі тартылды, - деп түйіндеді сөзін Сақанов.