Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте жол құрылысы жұмыстары саласындағы сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған "Сапалы жол" жобасы аясында рейдтік шара өтті.
Нұртас шағын ауданындағы Шұғыла көшесіне өткен тексеруге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша депаратменті мен "Жол Активтерінің Ұлттық сапа" орталығының қалалық филиалы, Арнайы мониторингтік топ және "Шымкент-адалдық алаңы" жобалық кеңсесі өкілдері қатысты.
Мониторинг барысында мамандар арнайы жылжымалы зертхананы қолдану арқылы жолдың енін өлшеп, қалыңдығын анықтап, асфальтті-бетон жабынның көлік жүретін бөлігіне сараптама жүргізу үшін асфальтті-бетон жабыннан сынама алды. Алынған үлгілер арнайы сараптамаға жіберіліп, нәтижесінде салынып жатқан объектіге тиісті баға берілетін болады.
"Жол Активтерінің Ұлттық сапа" орталығының қалалық филиалы өкілдерінің айтуынша, бұзушылықтар анықталған жағдайда мердігерлерге бұзушылықтарды жою үшін мерзім белгіленеді, содан кейін жол учаскесін нұсқаманың орындалуы тұрғысынан қайта тексеру жүзеге асырылады.
Өз кезегінде "Шымкент-адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің басшысы Ж.Қамбар үшінші мегаполистің жолдары қатаң бақылауға алынып, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына жылжымалы жол зертханалық көліктері арқылы тексеру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетіндігін жеткізді.
Айта кетейік, ағымдағы жылы "Жол Активтерінің Ұлттық сапа" орталығының қалалық филиалы қайта құру, жөндеу және құрылыс объектілеріне 110 шығуды жүзеге асырып, 69 объект қамтылған. Сонымен қатар, 222 жол-құрылыс материалдарының сынамасы алынып, оның ішінде 115 сынама талаптарға сай келмей, теріс нәтижелер Тапсырыс беруші мен мердігерлерге дер кезінде жіберілген. Сондай-ақ, рейдтік шаралар барысында 414 ақаулар пен кемшіліктер анықталған.