Жол саласындағы жобалар аясында 17 мыңнан астам қазақстандық жұмыспен қамтылып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, "Қарағанды – Алматы" автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаға 2,5 мың адам тартылса, "Талдықорған – Өскемен" жобасы аясында бір мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр
Жалпы республикалық маңызы бар автожолдарды реконструкциялау және жөндеу жобаларына 9 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Күн сайын 5 мыңға жуық адам республикалық жолдарды күтіп ұстау мәселелерімен, 3 мыңға жуық адам жол-құрылыс материалдарын дайындау және жеткізу сұрақтарымен айналысады. Осылайша, автожол инфрақұрылымын жаңарту бойынша жұмыстарға бір топ білікті маман тартылған.
Айта кетерлігі, "Қарағанды – Алматы", "Атырау – Астрахань", "Ақтөбе – Қандыағаш" және "Талдықорған – Өскемен" автожолдарының учаскелерінде көлік дәліздерін реконструкциялау бойынша отандық жобаларды іске асырудың тиімділігін арттыру мақсатында жөндеу жұмыстары екі ауысымда жүріп жатыр.