Жол-көлік оқиғалары: Адам өмірі, қауіпсіз жол, апаттың алдын алу

28 Қараша 2022, 09:35
2552
Бөлісу:
Жол-көлік оқиғалары: Адам өмірі, қауіпсіз жол, апаттың алдын алу

Қазақстанда ғана емес, дүниежүзі бойынша жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отыр. Осыған байланысты Қызылорда облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Марат Рахметовтан жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы сұрап білдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

-Марат Ағзамханұлы, Қызылорда облысындағы болған жол-көлік оқиғаларына, жолдағы жағдайға тоқталып өтсеңіз? Өткен жылдармен салыстырғанда ЖКО-ның өсуі байқала ма?

-Мемлекет басшысының берген тапсырмаларында «Елімізде жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер саны басқа елдердегі қарулы қақтығыстардан қаза табатындардың санынан кем емес. Сондықтан кешенді шаралар қолдану керек» деп айтылған.

Қазіргі таңда Полиция департаменті профилактикалық және агетациялық іс-шаралар ұйымдастыруына қарамастан әлі де болса жол көлік оқиғалары болады. Атап айтсақ, 2022 жылдың 10 айында облыста болған жол көлік оқиғалары 0,8%-ға (361-ден 364-ке) өссе, қаза болғандар 22%-ға (122-ден 100-ге), жарақат алғандар 2,5%-ға (432-ден 421-ге) төмендеген.Мәселен, Самара-Шымкент автомобиль жолы транзиттік дәліз болуына байланысты, қазіргі таңда болған жол көлік оқиғаларының 54,6%-ы (75-тің 41-і) шетел автокөліктердің қатысуымен болады, ондағы 50,8% (57-нің 29-ы) адам қайтыс болған. 

-Марат Ағзамханұлы, адам өмірі мен денсаулығы басты назарда екені белгілі. Адам жарақатын болдырмау мақсатында қандай шаралар қабылдадыңыздар? 

Болған жол-көлік оқиғаларына талдау жұмыстарын жүргіздік. Апатты – қауіпті учаскелерді анықтадық. Сол аумақтарға жол жүріс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция қызметкерлері жақындатылды. Жергілікті атқарушы және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен іс-қимыл жоспары әзірленіп, қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол қозғалысы ережесінің талаптарын өрескел бұзу деректерін анықтау мақсатында қызылордалық полицейлер жыл басынан бері 18 рет әртүрлі арнайы іс-шаралар ұйымдастырды. Атап айтқанда, «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Заңсыз жолаушы тасымалдаушы», «Абайлаңыз балалар!», «Балабақша» және «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Жолдағы жарақаттың алдын алу мақсатында БАҚ пен әлеуметтік желіде профилактикалық сипаттағы 2 000-ға жуық мақала жарияланды. Бүгінгі таңда жол ережелерін бұзудың 127 578 дерегі анықталса, оның 45%-ы жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылық.

-Марат Ағзамханұлы, шектен шыққан жүргізушілерді жүгендеп, оларды жауапқа тарту мәселесі қалай жүзеге асуда?

-Талдау көрсеткендей, жол көлік оқиғаларының басым бөлігі ұзындығы 566 шақырымды құрайтын «Самара-Шымкент» тас жолында болады. Яғни Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралықта көліктің қарама-қарсы соқтығысуы, жылдамдықты шамадан тыс арттыру және көлік басқару барысында ұйықтап кету деректері жиі болатыны анықталды.

Бұл автомобиль жолы екіжолақты болуына байланысты, транзиттік жүк автокөліктерінің қарқыны жоғары, жылдамдығы төмен және колоннамен жүргенде басқа да автокөліктер колоннадан жол ережелерін бұзып, басып озу барысында жол көлік оқиғаларын жасайды.     

 Осыған байланысты, «Самара-Шымкент» республикалық маңызы бар тас жолының Қызылорда-Ақтөбе бағытында жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтау үшін дрон құрылғысы қолданылады. Онда қысқа мерзімді профилактикалық-рейдтік шаралар жүргізіліп жатыр.

Әуеге ұшырылатын бұл құрылғы заң бұзушылықтарды түсіріп, содан кейін бейнежазба полицейдің планшетіне жіберіледі. Бұдан әрі тәртіп сақшылары жолда құқық бұзушыларды тоқтатып, әкімшілік хаттамалар рәсімдейді. Дронның көмегімен 30-ға жуық жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

-Марат Ағзамханұлы, «сақтансаң сақтаймын дегендей» жол көлік оқиғасына жол бермеу бірінші жүргізушінің міндеті екені белгілі. Дегенмен де оқыс оқиғаның алдын алу үшін құрал-жабдықтар жеткілікті ме?

-Бүгінгі күні жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және жол жүрісін ұйымдастыру деңгейін арттыру мақсатында 10 зияткерлік жылдамдық өлшегіш құралын сатып алуды жоспарлап отырмыз. Құрылғының бір ерекшелігі - ол  8 камералы, төңіректі 360 градусқа шоли алады, өзінен 100 метрге дейінгі қашықтағы көлік нөмерін жаза алады. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен 328 млн қаржы бөлінді. Қазіргі таңда құрылғыны сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

-Марат Ағзамханұлы, әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы