Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамыту талқыланды

27 Шілде 2022, 10:18
1667
Бөлісу:
Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамыту талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамыту мәселесі талқыға салынды. 

Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Шараға комитет төрағасы Төлеген Абдуллин, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ержан Утюбаев, Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы, әкімдіктердің және жеке бизнес өкілдері қатысты.

Кооперативтер және экономикалық қоғамдастықтардың басқа да нысандары ұлттық қауымдастығының президенті Қазыбек Шайхтың ұсыныстарына ерекше назар аударылды. Оның айтуынша, кооперация бағдарламалары арқылы жергілікті тұрғындар мен көп балалы аналарды қолдау саланың дамуына оң әсерін тигізеді, сондай-ақ, бюджетке жүктемені азайтады.

Сондай-ақ мемлекеттен преференциялар алу сияқты өзекті мәселе көтерілді. Бүгінгі күні жол бойындағы қызмет көрсету нысандары үшін ЖҚС салу кезіндегі шығындардың 10%-ын өтеу және санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға ай сайын 83300 теңге мөлшерінде субсидиялар сияқты қолдау шаралары бар.

Өтем алуға өтінімдерді кәсіпкерлік және туризм басқармасына 1 наурызға дейін, ал санитарлық-гигиеналық тораптарды субсидиялауға жылдың соңына дейін беру қажеттігі айтылды. 

Сонымен қатар ҰКП Туризм департаментінің сарапшысы Әсел Көбентаева атап өткендей, бүгінде қолдау шаралары бойынша ережелер пысықталуда. Қазіргі уақытта  Әділет министрлігінде бекітуге өтінімдерді қабылдау мерзімін жылына екі ретке ұзарту бойынша бастама қаралып жатыр.

Бүгін біз маңызды мәселе – жол бойындағы қызмет көрсету объектілерін дамытуды, оның ішінде автожанармай құю станцияларының, жылы дәретханалардың құрылысы мәселелерін талқыладық. Бүгінгі таңда бұл салада біршама қиындықтар бар. Сондықтан біз бүгін талқыланған мәселелерді есепке алып, оларды қысқа мерзімде шешу үшін бар күш-жігерімізді саламыз, - деп сөзін түйіндеді Комитет төрағасы.

Айта кетерлігі,  ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінде бұндай форматтағы онлайн кездесулер апта сайын өткізілуде. Ол туралы хабарламалар мен сілтемелер министрліктің әлеуметтік желілерінде алдын ала жарияланып отырады.

Өзгелердің жаңалығы