Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жол азабын тартқан атыраулықтар шу шығарды

30 Мамыр 2025, 20:49
908
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Атырау қаласының ортасындағы Самал ықшам ауданының тұрғындары жылдар бойы жол азабын тартып отыр. Әкімдіктегілер өтінішімізді орындауға құлықсыз деп ренжулі. Жаңбыр жауса тобықтан су кешеміз дейді жұрт. Шұрық-тесік жерге тіпті жедел жәрдем көлігі мен такси жүргізушілері де кірмейтінін айтады. Ал әкімдіктегілер әдеттегі әнге басты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Самал ықшам ауданындағы бұл көше тұрғындарының дені мұнда 2019 жылы қоныстанғанын айтады. Содан бері ықшам аудан көшелерінің кейбіріне асфальт төселгенімен, әлі жасалмаған біраз бөлігі бар екен. Сол себепті мұнайлы өңір орталығындағы халық әлі күнге дейін жол тауқыметін тартып отыр. 

Тұрғындардың алды 10 шақты жыл тұрады бұл маңда. Бірақ әлі күнге дейін жолға жарымай отырмыз. Көшеміздің жағдайы өте қиын. Қысы-жазы жедел жәрдем көлігі, өрт сөндірушілер болсын кіре алмайды. Мына жаққа такси де келмейді. 2023 жылы осы жерде жиналып, тұрғындармен кездестік. Сол кезде әкімшіліктен адам келіп, биыл көшеге грунт төсеп береміз, келесі жылы салып береміз деді. Бірақ өтірік болып шықты. Қашанғы сол өтірікке шыдаймыз. Халықтың да жағдайы сонша жақсы емес. Жалғыз біз осы жолға қарап отырған. Бізді қалдырып кетті. Сонда біз тоқалдан туғанбыз ба? Бізге жолды салып берсін, - дейді тұрғындардың бірі Әлмұрат Қамашев. 

Жаңбыр жауса үй айналасында жүру мұң дейді жұрт. Бұл маңға тіпті такси жүргізушілері де келмей, көшенің басынан түсіріп кетеді екен. Жедел жәрдем көліктері де әрең өтеді. Оқыс жағдай болса, шарасыз күйде қаламыз дейді қараша. Балалардың да аулаға шығып, ойнауы қиын. Себебі айналада топырақ пен ойдым-ойдым жолдан өзге түк жоқ. Мектептің өзіне барып-келу оңай емес екенін айтады тұрғындар. 

Шынымен оңай емес. Үлкен кісілер аяқ-қолын сындырып алады. Босанатын келіншектердің көлігін итеріп жүріп, әрең шығарамыз. Жауаптылардың бәріне айттық, хатты жаздық. Жауап жоқ бірақ. Талай келіп өздері де көрді. Бірақ жұмыс істемей отыр. Өзіміз инфрақұрылымның бәрін ақша жинап жүргіздік, сонда жолды да өзіміз төсейміз ба? Мұнайлы қаланың қақ ортасында отырмыз ғой. Егер жасап бермейтін болса, билетімізді алып Астана, Алматы қалаларына барамыз. Сол жақтан талап етейік егер мына жауаптылардың қолынан келмейтін болса,- деді тұрғын Гүлсара Тұржанова. 

Бұған дейін мәселені желеу етіп бармаған мекемесі қалмапты. Бірақ жауаптылар бос уәдеге тойдырып, шығарып салады екен. Тұрғындардың сөзінше, дәл осы ықшам ауданда көрші тұратын келесі көшедегі ТҮКШ маманы өзіне жол салып алыпты. 

Бізбен қатар тұрған 26-көшеде асфальт бар. Бізде жоқ. Алдында әкімдікке барғанда Эдуард Оспанов деген маман құжатын қарап отырып сіздерге биыл жоқ деп айтты. Артынша бір демалыс та өткен жоқ, 24-көшеде өзі шауып жүр. Сөйтсек өзі сонда тұрады екен. Жол салуға жанталасып, салып алды ақыры. Сонда бізге жол салу үшін бәріміз әкімдікте жұмыс істеуіміз керек болып тұр ғой. Қарапайым халықты қанау ғой бұл деген. Біз мына жерде қанша адам болып тұрып жатырмыз. Ал олар келеді де өздеріне жол салады. Ол жақта 2-3 үй ғана. Енді сол Эдуардтың көшесімен қатынаймыз біздер үйге қарай. Оны жоғарыдағы бастықтар білу керек, қарау керек. Президентіміз не айтып жатыр? Халыққа қызмет ет деп жатыр. Бірақ олар өздеріне қызмет етіп жатыр. Тоймайды өздері, - дейді Жасталап Серікбаев. 

Жауаптылар мәселеден хабардар. Самал ықшам ауданында жолсыз жатқан 1 емес 10 көше барын айтады. Ол бойынша жобалық сметалық құжат жасақтап қойыпты. Енді бәрі қаржыға тірелетін сыңайлы. 

Самал ықшам ауданында жөндеусіз қалған 10 көше бар. Ол бойынша біз жобалық сметалық құжатты жасақтап қойдық. Қазір сараптамадан өтіп жатыр. Сараптама қорытындысын маусым айының соңында алса, кейін қазынадан ақша сұратамыз. Кейін мердігер компанияны анықтау мақсатында конкурс өткізіледі. Кейін жұмысты бастаймыз. Бірақ нақты қашан басталады, қашан тапсырылады оны айта алмаймын. Ол жобаның ішінде жалғыз самал ықшам ауданы ғана емес, қала бойынша қалған тағы бірнеше ықшам аудан көшелері де бар. Жұмыс жүріп жатыр,- дейді Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Қуанышбек Қабдығали. 

Самал тұрғындары базынасын айтып осы уақытқа дейін бірнеше мәрте шықты. Бірақ әкім-қаралар проблеманы әлі шеше алмай келеді. Қаржы бөлінбесе, құрылыс биыл жыл аяғына дейін де аяқталмайды. Осылайша самалдықтардың әлі неше жыл қиындық көретіні белгісіз. Егер жергілікті атқарушы билік мәселені шешпесе, бәріміз жиналып бас қалаға барамыз деп отыр. 
 

Өзгелердің жаңалығы