Жол апатынан кейін сақтандыру бәрін өтей ме? Заңгер жүргізушілер жиі білмейтін жайттарды түсіндірді

24 Қыркүйек 2026, 18:00
АВТОР
 ©️ BAQ.KZ коллажы 24 Қыркүйек 2026, 18:00
24 Қыркүйек 2026, 18:00
119
Фото: ©️ BAQ.KZ коллажы

Көптеген жүргізуші жол-көлік оқиғасы болған жағдайда сақтандыру барлық шығынды толық өтейді деп ойлайды. Алайда іс жүзінде жағдай басқаша болуы мүмкін. Заңгер Арыс Данагатов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында міндетті автосақтандырудың қалай жұмыс істейтінін, қандай жағдайда сақтандыру компаниясы төлем жасаған ақшасын кінәлі жүргізушіден қайта өндіріп алатынын және регресс талабына қалай қарсы тұруға болатынын түсіндірді.

«Сақтандыру бәрін өтейді» деген түсінік қате

Арыс Данагатовтың айтуынша, міндетті автосақтандыру барлық шығынды толық өтейді деген пікір дұрыс емес.

Міндетті автосақтандыру тек зардап шеккен тараптың шығынын жабады – яғни апатқа кінәлі жүргізушінің көлігі емес, қарсы жақтың көлігіне, денсаулығына немесе мүлкіне келген зиянды өтейді. Сақтандыру компаниясы бекітілген лимит шегінде ғана төлейді (мүлікке және денсаулыққа бөлек лимиттер бар). Егер нақты шығын лимиттен асып кетсе, қалған сомманы кінәлі жүргізуші өз қалтасынан төлеуге тиіс болады. Ал кінәлі жүргізушінің өз көлігінің зақымын міндетті автосақтандыру жаппайды – ол үшін бөлек, ерікті сақтандыру (КАСКО) керек, – дейді заңгер.

Сақтандыру компаниясы ақшаны кейін қайтарып ала ала ма?

Заңгердің сөзінше, мұндай мүмкіндік бар және ол «регресс талабы» деп аталады.

Логикасы қарапайым: сақтандыру компаниясы алдымен жәбірленушіге шығынын жедел өтейді (заң солай талап етеді – жәбірленуші ұзақ сот процесіне жармаспай ақша алуы керек), ал содан кейін белгілі бір жағдайларда бұл ақшаны кінәлі жүргізушіден кері талап етуге құқылы. Яғни сақтандыру компаниясы жәбірленуші мен кінәлі жүргізушінің арасында делдал болады: біріншісіне – жедел төлейді, екіншісінен – белгілі жағдайда өтелген ақшаны қайтарып алады, – деп түсіндірді Арыс Данагатов.

Мас күйінде көлік жүргізсе не болады?

Маманның айтуынша, бұл – регресс талабын қоюдың ең кең таралған себептерінің бірі.

Жәбірленушіге сақтандыру компаниясы бәрібір төлейді (жәбірленушінің кінәсі жоқ, ол жапа шегуші), бірақ содан кейін төленген соманың толық көлемін мас күйінде отырған жүргізушіден кері талап етеді. Яғни бұл жағдайда сақтандыру іс жүзінде кінәлі жүргізуші үшін «қорғаныш» болмайды – ол шығынды толық өз қалтасынан өтейтін болады, тек оны алдымен сақтандыру компаниясы төлеп, содан соң сот арқылы немесе тікелей талап қою арқылы қайтарып алады, – дейді заңгер.

Апат орнынан қашып кеткен жүргізушіге қандай қауіп төнеді?

Арыс Данагатов мұндай жағдайда да сақтандыру компаниясы төлем жасаған ақшасын толық өндіріп алуға құқылы екенін айтты.

Дәл сол сияқты – бұл да толық регресстің негізі. Жүргізуші апат болған жерді тастап кетсе, бұл заң тілінде «жауапкершіліктен жалтару» деп бағаланады. Сақтандыру компаниясы жәбірленушіге төлейді, ал одан кейін бүкіл соманы қашып кеткен жүргізушіден өндіріп алады. Оның үстіне, орнынан қашып кету – бұл әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке де әкелетін бөлек құқық бұзушылық, яғни адам екі бағытта да жауап береді: біріншісі – жол ережесін бұзғаны үшін, екіншісі – сақтандыру ақшасын қайтару міндеті, – деді ол.

Полисте көрсетілмеген адам көлік жүргізсе ше?

Заңгер бұл жерде сақтандыру полисінің түрі маңызды екенін атап өтті.

Егер полис «шектеусіз» (кез келген адам жүргізе алады) түрде алынған болса – бәрі әдеттегідей жұмыс істейді, регресс негізі жоқ. Ал егер полис «шектеулі», яғни нақты жүргізушілер тізімі көрсетілген түрде алынған болса және апатты сол тізімде жоқ адам жасаса – иә, сақтандыру компаниясы жәбірленушіге төлегеннен кейін бұл ақшаны сол тізімнен тыс жүргізушіден (немесе көлік иесінен) регресс тәртібімен талап ете алады. Сондықтан полис алғанда «шектеулі» немесе «шектеусіз» екенін нақты біліп алған жөн, – деп түсіндірді ол.

Регресс талабына тағы қандай жағдайлар себеп болуы мүмкін?

Арыс Данагатовтың айтуынша, ең жиі кездесетін негіздер мыналар:

  • жүргізуші куәлігінің мүлдем болмауы немесе сол санаттағы көлікті жүргізуге құқығының жоқ болуы;
  • сақтандыру компаниясына жалған мәлімет немесе жалған құжат беру (мысалы, көлік техникалық ақаулы емес деп жалған айту);
  • көлікті қасақана апатқа ұшырату, яғни жол-көлік оқиғасын әдейі ұйымдастыру;
  • көлікті сақтандыру шартында көрсетілмеген мақсатта пайдалану (мысалы, жеңіл көлікті жарыс-сайыста пайдалану);
  • сақтандыру мерзімі аяқталғаннан кейін апатқа ұшырау.

Бұлардың барлығында логика бір: сақтандыру компаниясы жәбірленушіні бірінші кезекте қорғайды, бірақ кінәлі жүргізушінің «адал емес» немесе «заңсыз» әрекеті болса, ол компанияны өз есебінен жауап беруден босатады – шығынды түбінде кінәлі адамның өзі көтереді, – дейді заңгер.

Регресс талабына қарсы тұруға бола ма?

Арыс Данагатов регресс талабы автоматты түрде заңды деп есептелмейтінін және оны сотта даулауға болатынын айтты.

Регресс талабы – автоматты түрде «дұрыс» деп қабылданатын нәрсе емес, оны сот арқылы дауласуға толық құқық бар, – дейді ол.

Заңгердің айтуынша, азаматтар апат кезінде шынымен мас күйінде болмағанын дәлелдеуге, апат орнынан кетудің объективті себептері болғанын көрсетуге, сақтандыру компаниясының есептеуінде қателік кеткенін немесе талап қою мерзімі өтіп кеткенін дәлелдеуге құқылы.

Мұндай жағдайда адам сақтандыру компаниясының талабын сотта дауласа алады, ал сот дәлелдерді қарап, регресс сомасын толық немесе ішінара қабылдамауы, не азайтуы мүмкін. Сондықтан сақтандыру компаниясынан регресс талабы келген бетте бірден төлеп қоймай, алдымен нақты негізін және есебін тексерген жөн, – деп түйіндеді Арыс Данагатов.

Наверх