Жоғары деңгейдегі маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді – Мамин

2 Наурыз 2021, 21:02
1519
Бөлісу:
Жоғары деңгейдегі маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді – Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Мамин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кездесу өткізді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Үкімет басшысы Садыр Жапаровтың Қазақстанға сапары Қазақстан – Қырғызстан стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Бүгін жоғары деңгейде маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Қазақстан Үкіметі барлық мәселелерді шешу, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын жаңа бастамаларды әзірлеп, іске асыру бойынша қырғыз әріптестерімен сындарлы бірлескен жұмыс жүргізуге ниетті, - деді Асқар Мамин.

Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық, транзиттік-көлік және шекара маңы ынтымақтастығының өзекті мәселелерін, сондай-ақ COVID-19-ға қарсы күрес аясындағы бірлескен шараларды талқылады.

Өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, білім беру мен туризмде өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту үшін үлкен әлеуеттің бар екені атап өтілді. Сондай-ақ ЕАЭО және басқа да интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Қазақстан Қырғызстан экономикасының ірі инвесторларының қатарына кіреді. 2005 жылдан бастап Қазақстаннан Қырғызстанға тікелей инвестициялардың жинақталған көлемі шамамен $1 млрд құрайды, ҚР-да шамамен 1,5 мың қырғыз компаниясы жұмыс істейді.

2020 жылы екіжақты тауар айналымы $796,2 млн құрады, Тараптар бұл көрсеткішті $1 млрд дейін жеткізуге және сатылатын тауарлар мен қызметтер номенклатурасын кеңейтуге ниетті.

Экономикалық ынтымақтастықты жандандыру мақсатында жақында үкіметаралық кеңестің кезекті отырысын өткізу жоспарланып отыр.


Өзгелердің жаңалығы