Жоғары аудиторлық палата бюджетке түспеген қомақты қаражатты көрсеткен

20 Маусым 2023, 15:32
794
Бөлісу:
Жоғары аудиторлық палата бюджетке түспеген қомақты қаражатты көрсеткен
Фото: Артём Чурсинов - архив

Жоғары аудиторлық палата Үкімет есебіне берген қорытындысында бюджетке түспеген қомақты қаражатты көрсеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді.

Министр Жоғары аудиторлық палатаның Үкімет есебіне берген қорытындысына түсініктеме берді.

Біріншіден, Жоғары аудиторлық палата салық жеңілдіктері есебінен бюджетке түспеген қомақты қаражатты көрсеткен. Бұл ретте, осы салық жеңілдіктерінің көбісі стандартты болып саналады және жалпы әлемдік тәжірибеге сәйкес келетінін атап өту керек. Дегенмен, салық жеңілдіктерін айқындау, оңтайландыру және мониторингілеу бойынша Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары Үкіметтің жұмысында, сондай-ақ жаңа Салық кодексін әзірлеу аясында ескерілетін болады, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Сонымен қатар ол қорытындыда экспорттық-импорттық статистикадағы алшақтық және көлеңкелі экономика бойынша қабылданған шаралардың жеткіліксіз әсері туралы көрсетілген деп отыр.

Жалпы, әлемдік тәжірибеде барлық елдерде тауарлардың сыртқы саудасының кедендік статистикасы деректерінде әріптес елдермен сәйкессіздіктер бар. Мұндай алшақтықтың негізгі себебі – сыртқы сауда статистикасын қалыптастырудың әдістемелік ерекшелігінде. Десе де, алшақтықтарды азайту мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылдануда. Тауарларға арналған декларацияларды бақылау және шығару үшін кедендік функцияларды орталықтандыру жүзеге асырылды. Бұл бақылау шаралары бойынша орталықтандырылған шешім қабылдауға, өткізу пункттеріндегі жедел ахуалға қашықтықтан мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді, - деді Ерұлан Жамаубаев.

Өзгелердің жаңалығы