Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Демалыс күндері Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің сарбаздары жоғалған бала мен екі ұялы телефонды тауып, туыстарына қайтарды.
Бұл туралы Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлайды.
3 шілде күні кешкі сағат 22:00 шамасында Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқару кезінде әскери жасақ бастығы Әлтайыр Нұрахметжан, патрульдік жауынгерлер Әлихан Қалыбай мен Нұрлыбек Ізтілеу полиция қызметкерлерінен шұғыл ақпарат алады.
Елордалық ұландар хабарламада айтылған белгілері бойынша дереу жоғалған баланы іздеуге кіріседі. Араға аз уақыт салып,сарбаздарбаланы тауып, әпкесіне тапсырады. Ол сақшылар мен сарбаздарға қырағы қызметі және жедел көмегі үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ, осы күні «Триатлон» паркінде қоғамдық тыныштықты қадағалап жүрген әскери жасақ жүгіру жолағында iPhone 11 маркалы телефон жатқанын байқады.
Әскери жасақ бастығы Бекзат Қадылбек бұл туралы патрульдік топтың бастығына баяндады. Ұлы телефондағы кіріс-шығыс қоңыраулардың көмегімен иесі анықталып, сарбаздар айтқан орынға келеді. Телефонның өзіне тиесілі екенін дәлелдеген бойжеткен қуанышын жасырмай, Ұлттық ұлан сарбаздарына ризашылығын жеткізді.
5573 әскери бөлімінің Сабыржан Оралбаев бастаған тағы бір жасағы Мыңарал көшесінің бойынан «Samsung» маркалы телефон тауып алады. Басшылықтың нұсқауы бойынша біреу іздеп келіп қалар деген оймен, сол жерде біраз күтеді. Осы уақытта табылған смартфонға телефон иесі қоңырау шалып, айтылған мекен-жайға келеді. Келген азаматшаның шынымен смартфон иесі екеніне көз жеткізгеннен кейін, ұландықтар телефонды табыстайды.