Жоғарғы сот үш адамды ақтады

30 Қаңтар 2020, 15:20
1280
Бөлісу:
Жоғарғы сот үш адамды ақтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жоғарғы Сот үш қылмыстық істі жүргізуді тоқтатып, сотталушыларды ақтады. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Жәнібек Телев 2017 жылғы қаңтарда абайсызда жәбірленушінің қайтыс болуына әкеп соққан әскери кемелерді жүргізу және пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін кінәлі деп танылған. Ол ҚК-нің 465-бабы бойынша пробациялық бақылауға алына отырып, 4 жылға бас бостандығынан айырылған.

Апелляция соттың үкімін өзгертті. "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" 2016 жылғы 13 желтоқсандағы Заңның 2-бабы 3-бөлігінің 2) тармағының негізінде Телев жазасын өтеуден босатылды - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Жоғары сот 2019 жылдың қаңтарында тонау, яғни бөтеннің үйіне заңсыз кіру арқылы жәбірленушіге тиесілі 50 000 теңгені ашық түрде жымқыру бабы бойынша кінәлі деп танылған Самат Сыздықовты ақтады.

Ол 5 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылған. Оның әрекетінде қылмыстың қауіпті қайталануы танылған. Апелляция сот актісінің күшін жойып, ақтау үкімін шығарды. Жоғарғы Сот істі қарап, апелляциялық соттың ақтау үкімін төмендегі негіздер бойынша өзгеріссіз қалдырды. Іс материалына сәйкес, Сыздықов тонау жасағаны туралы кінәсін мойындамады, қылмыс жасалған орында болмағанын мәлімдеді. Оның осы айғақтары тұрақты және еш теріске шығарылмады. Айыптауға кәмелетке толмаған куәгердің айғақтары және оның Сыздықовты қылмысты жасаған адам ретінде тану хаттамасы негізге алынған. Апелляция бұл дәлелдемелерді жарамсыз деп таныды, өйткені Сыздықовты тануды жүргізу кезінде ҚПК-нің 230-бабы 10-бөлігінің талаптары бұзылған - делінген Жоғарғы сот таратқан мәліметте. 

Осы жолы ақталған адамдардың бірі әйел адам. Жоғарғы сот 2017 жылғы тамызда ҚК-нің 177-бабы 4-бөлігінің "б" тармағы (1997 ж. редакциясында) және 28-бабы 4-бөлігі, 367-бабы 5-бөлігі (2014 ж. редакциясында) бойынша кінәлі деп танылған Ақмарал Тілепованы да ақтады. 

Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылған. ҚК-нің 74-бабы 1-тармағына сәйкес жазаны өтеу мерзімі 5 жылға шегерілген. Апелляция істі қарап, Тілепованы ақтап, қылмыс құрамының болмауына орай саналы әрекеттері үшін кінәлі емес деп таныды.

Өзгелердің жаңалығы