Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сауле Шәкенова 7 жасар баланың қазіргі жағдайы туралы BAQ.KZ редакциясына хабарлады.
Балалар облыстық ауруханасынан шыққаннан кейін ол әкесімен бірге Екібастұз ауданының бір ауылында туыстарының үйінде тұрып жатыр. Әкесі күтім жасау үшін ресми еңбек демалысына шыққан.
Шәкенованың айтуынша, бала өзін жақсы сезіне бастағанымен, дәрігерлер жамбас сүйектері сынғандықтан, оған бір ай қатаң төсектік режим сақтауды тапсырған.
Кездесу барысында бала қалаға қайтқысы келмейтінін айтып, ойын былай жеткізді:
Жиырма жыл ауылда тұрамын, - деді ол.
Әкесі де ұлының ауылда тұрғысы келетін тілегін қолдады.
Сауле Шәкенова бұл жағдайды Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиевамен талқылағанын айтты. Әкім орынбасары баланың медициналық сүйемелденуі, әрі қарайғы оңалтуы, жергілікті мектепке ауысуы және әкесінің жұмыспен қамтылуы мәселелерін жеке бақылауына алатынын жеткізген.
Балаға психологтар қолдау көрсетуді жалғастырады. Әзірге оған інісінің қаза тапқаны туралы айтылмаған, сондықтан ол әкесін жанынан тастамайды.
Шәкенова баланың сынып жетекшісі Алия Еркасоваға алғысын білдірді. Ол оқушысына ауруханада барып, жағдайын білген. Кейін уәкілімен бірге ауылға да келген. Бұл баланың өзін қауіпсіз сезінуі мен үлкендерге сенім артуына көмектесті.
Еске салайық, қайғылы жағдай 30 шілдеде Павлодарда болған. Әйел екі баласын терезеден лақтырып, өзі де секірген. Кіші бала, бір жарым жасар сәби, ауруханада көз жұмды. Оқиға бойынша "Адам өлтіруге оқталу" және "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында әйелдің мамандандырылған медициналық мекемеде есепте тұрғаны анықталды.
5 тамызда дәрігерлер тірі қалған 7 жасар баланың жағдайы туралы баяндап, оның анасына ота жасауға дайындық жұмыстары жүріп жатқаны жайлы айтқан еді.