Былтыр қазанда Жітіқарада жеке тұрғын үйде өрт болып, салдарынан бес бала қайтыс болған еді. Осы іс бойынша сот шешімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қостанай облысы Жітіқара аудандық сотында абайсызда 5 баланың өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған (ҚК 292-бабының 3-бөлігі бойынша) айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы, яғни анасы балаларын қараусыз қалдырдып, үлкен ұлына үйдің іші салқындаған жағдайда пешке от салуды тапсырған.
Ұлы пеште отын, көмір және тұрмыстық қоқыстарды жағады, сондай-ақ пеш жанында белгісіз сұйықтықпен жатқан пластикалық бөтелкені отқа салады. Нәтижесінде пештегі жалынның жанып, өртке айналуына себеп болды. Өрт салдарынан бес бала қайтыс болды.
Сотталушының кінәсі оның мойындау айғақтарымен, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамасымен және сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденді.
Прокурор сотталушыға шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушінің өкілі (аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі) сотталушының асырауында жас баласы болуына орай бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады, - делінген Қостанай облыстық сотының хабарламасында.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындады, істеген ісіне өкініп, оны бас бостандығынан айырмауды өтінді.
Сот шешімі
ҚК 292-бабы 3-бөлігінің санкциясы баламасыз жазаны – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
ҚК-нің 11-бабының 3-бөлігіне сәйкес жоғарыда аталған қылмыс абайсызда жасалған орташа ауыр қылмыстар санатына жатады.
Жазаны жеңілдететін жағдай – бұл шын жүректен өкінуі және жас баласының болуы, ауырлататын жайт анықталмаған.
ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігіне сәйкес жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде жаза мерзімі ҚК-нің бабында көзделген ең жоғары мерзімнің 1/2-нен аспауға тиіс.
Осыған байланысты сот 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады және ҚК-нің 74-бабының негізінде жас баланың болуына байланысты жазаны орындау кейінге қалдырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылдары кәмелетке толмаған балалар болған. Өкінішке қарай, үйінділерді тазартқанда бес баланың өлі денесі табылды. Балалардың үлкені, 2011 жылы туған бала ғана аман, зардап шекпеген.